Бүгін Шымкентте ақша айырбастау бекетіне шабуыл жасалды. Оқыс оқиға Ғ. Іляев көшесіндегі банкке қарсы бетте тұрған айырбастау бекетінде орын алған.
Белгілі болғандай, беттерін тұмшалап алған екі адам кассирге қысым көрсеткен. Қолын байлап, ұрып-соғып, сейфтің кілтін алған. Сөйтіп, 20 мың АҚШ долларын қолды етіп, қашып кетіпті.
Жансая (аты өзгерген) куәгер: «Мен жұмысқа тоғызға он минут қалғанда келдім. Айырбастау орнынан айқай естідім Кіріп, қарасам — кассир жерде жатыр. Қолдары байланған. Беті қан. Мен қолын шешіп, бір стакан су бердім. Содан кейін барып оны ұрып, кассадағы ақшаны алып кеткенін айтты.»
Қарақшылар қарусыз болған. Қазір қылмыстық кодекстің 191-бабы (Тонау) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы хабарлады.
— Валюта айырбастау пунктінде дабыл қаққыш, бейне бақылау камералары, сейф және шақыру құрылғысы болмаған,- деп түсіндірді Салтанат Қаракөзова. Тонау фактісі Әл Фараби полиция бөлімінде тексерілуде.
Біздің түсірілім тобы оқиғаның куәгерімен тілдесіп, осындай жайттарды анықтады. Оқиға орнына жылдам жеткен құқық қорғаушылар тергеу-тексеру жұмыстарын бастап кеткен. Айта өтейік, бұл көшенің бойында көптеген мемлекеттік және жеке мекемелер орналасқандықтан, сыртқы бақылау камераларына тонаушылардың бет-бейнесі түсіп қалуы мүмкін.
[youtube]https://youtu.be/mnGhk6ALOdE[/youtube]