Синоптиктер: «Аптап ыстық апта соңына дейін жалғасады»

Оңтүстікте биылғы шілденің ыстығы жұртты шыдатпай барады. Термометр бағанасы 40 градустан түсер емес. Жедел жәрдем стансасында телефон тұтқасына да тыным жоқ.

Демалыссыз жұмыс жасайтын диспетчерлер тәулік бойы жүздеген шақырту қабылдауда. Өйткені шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында денсаулығы сыр беріп, соңғы 2-3 күнде жедел жәрдемнің көмегіне жүгінгендердің саны әдеттегіден бірнеше есе артқан.

Гүлназ Сайдуллақызы, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының дәрігері: «Жай күндері жедел жәрдем стансасына 1100-дей шақырту келіп түссе, ауа райының көтерілуіне байланысты 1400-дей қоңырау келіп түседі. Көбіне жүрек аурына шалдыққан, қан қысымы жоғары қарттар хабарласып, көмек сұрайды.»

Қаламызда әзірге 69 көмек көрсету бригадасы жұмыс жасауда. Ауыр науқасты тұрғындар осылайша жедел жәрдемнің көмегіне жүгінуге мәжбүр болса, балалар шаһардағы су бұрқақтарға шомылып, салқындауда. Таңдай кептірер ыстықта ауыз бекітіп, Ораза ұстаған жамағат та күннің үзақтығы мен шілденің ыстығынан өз беттерінше қорғануда.

Аптап ыстықта жанына сая іздеп сабылған қалалықтарды синоптиктер де әзірге қуанта алмай отыр. Өйткені еліміздің 6 облысына ауа райының күрт ысып кетуіне байланысты ескерту жарияланған. Ал Оңтүстікте ауа температурасы 43 градусқа дейін көтеріліп, апта соңына дейін төмен түспейді дейді ауа райын болжаушылар.

Нұржамал Шөжікова, инженер-синоптик: «1-4 шілде аралығында өңірімізде ауа температурасы 43 градус шамасында болады. Аптап ыстық тек 5-7 шілде күндері, яғни, аптаның соңында басылады.»

Ал әзірге дәрігерлер қалалықтарға күннің қызған шағында көшеге шықпауға, балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сонымен қатар қан қысымы жоғары және жүрек ауруына шалдыққан азаматтар да уақтылы дәрілерін қабылдағаны жөн.