Шымкентте тұрғындардан 184 млн теңгені алдап алған ХҚКО қызметкері сотталды

5

(Фото: istockphoto.com)

Шымкентте Халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы тұрғындарды қомақты қаржыға сан соқтырғаны үшін сотталды. Іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.

Орталық қызметкеріне Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (сенімді теріс пайдалану жолымен, алдап, бірнеше рет аса iрi мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырумен алаяқтық жасау) айып тағылды. Ол бірнеше жәбірленушіге қатысты алаяқтық қылмыстарын жасаған.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы ХҚКО бас маманы қызметін атқарып жүріп, 2022 жылы жәбірленуші К.-дан 113 млн теңгені алаяқтық жолмен алған. Бұл қаржыға алаңы 20,0800 га жер учаскесін оның атына жекешелендіріп беру, әрі қарай тестілеу орталығын ашып, бірге жұмыс жасау және одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерді арзан бағаға алып беремін деп уәде еткен.

Сотталушы қалған 14 қылмыстық әрекет бойынша көрсетілген тәсілмен 14 жәбірленушіге мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беретінін айтып алдап, жалпы 71 356 000 теңге материалдық зиян келтірген.

Сот  отырысында сотталушы әйел азаматы тағылған айыпты ішінара мойындаған.

Сотта сотталушының кінәсін ішінара мойындағаны, шын ниетпен өкінбегені, жәбірленушілердің аса ірі мөлшердегі талаптары жалпы 179 млн теңгеден асатын залал соммасы өндірілмегені және жәбірленушілердің кешірім бермегені, заңмен көзделген бас бостандығынан айыру, қатаң жаза тағайындау пікірлері ескерілді. Оған 6 жыл 8 ай мерзімге бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Талап арыздар қанағаттандырылды,-делінген қалалық сот мәліметінде.

Бұдан өзге сотталушының жасөспірім балаларына қамқоршы мен қорғаншы тағайындау мәселесін шешу соттың қосымша шығарылған қаулысымен тұрғылықты мекенжайы бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық жұмысын дамыту бөліміне жүктеу тапсырылған.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.