Тамаша табиғатымен ерекшеленетін Түлкібас ауданына жыл сайын келуші туристер саны артып келеді. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағына 16 581 турист келіп, өңірдің әсем табиғатымен танысып, демалды. Оның 450-і – шетелден, ал қалған 16 131 азамат еліміздің өзге аймақтарынан келіп, саяхаттаған.

Ауданда бүгінгі таңда туристерге қызмет көрсететін екі қонақ үйі, екі шипажай мен төрт қонақ қабылдау үйі, сегіз маусымдық балаларға арналған сауықтыру лагерлері туристерге сапалы қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ күні кеше туризм саласын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, халықты таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында Кемербастаудың тау бөктерінде саумалмен емдеу орталығы ашылып, келушілерге жоғары сапалы қызмет көрсетуде. Ауданда балалар туризмін дамыту мақсатында Жабағылы ауылдық округі аумағынан 5 га жер телімі белгіленіп, 4 млн теңгеге маусымдық балалар демалыс орнын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Ертеректе аудан аумағынан Ұлы Жібек жолы өткен. Бұл аудан Қаратау мен Талас Алатауының етегінде орналасқан. Осы таулардың баурайынан Арыс және Ақсу өзендері бастау алады. Аудан аумағын трансазиялық бағыттағы теміржол мен тасжол басып өтеді.

Түлкібас ауданының ең көрікті мекендерінің бірі – «Ақсу Жабағылы» қорығы. 1927 жылы құрылған. Қорық өзіне тән флора және фауналарымен ерекшеленеді. «Ақсу Жабағылыда» 60-қа тарта аң-құс және 200-ден аса өсімдік түрлері өседі. Олардың ішінде арнайы қорғауға алынып, «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар да бар. Мұнан бөлек, Ақбиік аулындағы Қарсат үңгірі, Машат шатқалдары, Тянь-Шань тауларының сілемдері секілді табиғат көріністері келушілерді еріксіз баурап алады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі