Түлкібас ауданында 5 әлеуметтік нысан ашылды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қ.Абдуалиев түлкібастықтарды Астана күнімен құттықтап, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді.

Облыстың барлық аудан, қалаларынан бой көтерген кәсіпкерлік мектебі Түлкібаста да ашылды. Бұл ғимаратта кәсіпкерлерге бір терезе қағидасымен қызмет көрсетіліп, кәсіпкерлік мектебі жұмыс жасайды. Мектепте өнеркәсіп, егін және мал шаруашылығы саласында білім беру, инновациялық құрал-жабдықтармен таныстыру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар Алғабас ауылында спорт кешені іске қосылып, 6 азамат жұмыспен қамтылып отыр. Мұнда спорттың футбол, бокс, күрес және тағы басқа да спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс жасайтын болады.

Мерекелік шара аясында мыңға жуық тұрғыны бар Алғабас ауылында 200 орынды жаңа мектептің ашылу рәсімі де болып өтті. Білім ордасы заман талабына сай жабдықталған.

013

Бұл күні Кемербастаудың тау бөктерінде орналасқан «Таң нұры» ЖШС-нің саумалмен емдеу орталығы ашылып, оңтүстікқазақстандық емделушілерді құшақ жая қарсы алды. Бұл нысан аудан аумағында туризм саласын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, халықты таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ашылып отыр.

Саумалмен емдеу орталығы жүзден астам адамды қабылдап, емдей алады. Нысанның құрылысына 132 млн теңге жұмсалған. Аталған орталықта 20 азамат жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов елдімекенінде орналасқан «Түлкібас нан» ЖШС-нің де салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Ауданның барлық аумағын нанмен қамтамасыз етіп отырған зауытта жылына 2 млн тонна өнім пісіріледі. Бүгінде жергілікті 45 азамат осында тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі