Тұрғындар тәртіп сақшыларына үрке қарамауы тиіс. Керісінше, қоғамдағы қылмыстармен күресті жұмыла жүргізуі керек.Мұндай пікірді Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» жоспары талқыланған жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов жеткізді. Айтуынша, жергілікті полицейлердің ел арасында түсіндіру парақшаларын үлестіруімен шектелуіне болмайды.
Тәртіп сақшыларына елдімекендерге жиі барып, көпке құқық бұзушылық пен қылмыс жасағандарға кесілетін жазаларды жасырмай айтып беруді жүктеу қажет. Сонда қылмыскерлер саны азаюы мүмкін. Жиынға қатысқан облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері Берік Серікұлының бұл бастамасын құп көрді.
Бұдан бөлек жиналғандар «100 нақты қадам» жоспарында жазылған мемлекеттік қызметке қабылдану, оның лауазымдағы баспалдақтары тақырыбын кеңінен сөз етті. Жұмыс беруші тарап пен еңбеккердің арасында түзілетін уақытша келісім-шарттың мәселесін де айналып өтпеді.