Шымкенттегі 30 жылдан бері өз шешімін таппай келе жатқан улы қалдықтардан тұрғындар жапа шегіп жатыр. Тельман елдімекенінде 80-жылдары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған улы химикаттар қалдығының қоймасы сақталған. Тұрғындар зиянды үйінді ауаны ластап, тіпті, денсаулығымызға әсер етуде дейді.
І топ мүгедегі Мұхамеджан Нарымов 10 жылдан бері астмамен ауырады. Қауіпті аумақта тұрып жатқан тұрғынның күдігі осы осынау зиянды үйіндіде. Жылдан жылға дертім асқынып, ластанған ауа алқымнан алып жатыр дейді.
Қойнауына линтал, гексахлорциклогексан сиқты улы заттарды жасырып жатқан бұл көмбеде балалар алаңсыз ойнап жүр. Тұрғындар осынау жеткіншектердің денсаулығына алаңдаулы. Зиянды қойма, әсіресе, жауынды-шашынды күндері қауіпті. Жұртшылық талай есікті қақса да, экологиялық түйткілдің түйіні тарқатылатын емес.
Қоршаған ортаға жауаптылар осынау мәселеге байланысты қоғамдық тыңдау өткізді. Жауаптылар зиянды үйіндіден құтылу үшін облыс қазынасынан 100 миллион теңге сұрап отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ereET93u44k[/youtube]
Осыдан бес жыл бұрын зиянды қалдықтардың беті топырақпен көмілген. Алайда, қауіпті аумақта жүргізілген зерттеулер қорытындысы топырақтың улы заттардың күшін жоя алмайтын дәлелдеп отыр. Жылдар өте топырақ химиялық заттардың зиянын өзіне сіңіріп, 100 метрлік жерге дейін таратып жатыр дейді мамандар.
Түптеп келгенде 30 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан зиянды үйіндінің көзін жоюға қаражат қажет. Бүгінде шығындар есептеліп, жобаның құны да нақтыланған. Енді қаржы қаралса, келер жылдан бастап сала мамандары қауіпті қалдықтың көзін жоюға кіріседі.