Анар Оразбаева
Анар Оразбаева

Мамыражай жазды тиімді әрі пайдалы өткізгісі келетін жастар аз емес. Десе де қазіргі танда олар жұмыс іздеп, біршама қара терге түседі. Ал оңтүстіктің тұрғыны Анар Оразбаева өткен жылы жазғы демалыста АҚШ елінде демалып, әрі жұмыс істеп, ақша табу арқылы ата-анасына қолқабыс ете білді. Ендеше, жаз мезгілін барынша тиімді пайдалана білген студентпен болған сұхбатты назарларыңа ұсынбақпыз.

– Анар, алдымен өзің туралы айтып өтсең..

– Мен Шымкент қаласының тумасымын. Орта білім алған соң ҰБТ-дан 101 балл жинап, Қостанай қаласына шет тілі мамандығына грантқа оқуға түстім. Қазір ағылшын тілі мен неміс тілін үйренудемін. Өткен жылы өз білім деңгейімді жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында, сондай-ақ демалысымды тиімді пайдалану үшін «Work and Travel» студенттік бағдарламасы бойынша АҚШ-қа жол тарттым. Ондағы Флорида штатының Дес-тин атты курортты қаласында жаздың 3 айын жұмыс істеп әрі демалдым. Бұл менің ең пайдалы, әрі тиімді жазғы демалысым болып есте қалды.

– Саяхаттау туралы ой қалай келді?

– Мен бала кезімнен АҚШ-та болуды армандадым. Есейе келе бұл нақты бір мақсатыма айналды. Мені қызықтырғаны ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, түсінігі, көзқарасы, мәдениеті. Сол мақсатым айшықталуы үшін де ағылшын тілі мамандығына оқуға түскен болатынмын. Грант негізінде оқуға түсу үшін де көп талпынып, үнемі ізденіс үстінде болдым. Қазіргі таңда мамандығымның болашағы айқын екеніне сенімдімін. Ал, «Work and Travel» студенттік бағдарламасы сол мақсатыма жетудің бір қадамы деп білемін.

– Бағдарламаның белгілі бір талаптары болды ма?

– Иә, негізінде бағдарлама бірінші кезекте өздерінің талаптарын алға тартты. Ол үшін міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы, ЖОО-ның студенті, білім көрсеткішінде 3-тік баға болмауы, ешқандай қылмыспен байланысы болмауы, денсаулығында кінараттың болмауы және ағылшынша ауызекі сөйлей білу сынды бірқатар шарттар керек еді. Сондай-ақ, сөзсіз елге ораламын деген азаматтарға ғана жолдама берілді. Бір ескертетін, жолдамаға 3000$-дай қаржы жұмсадым. Оның ішінде, тұратын тұрағым, барып қайтатын әуе билетім, тамағым және т.б керекті жағдайлардың бәрі қарастырылды. Белгілі бір талаптарын орындап, құжат рәсімдер кезде өзіме ұсынылған жұмыс орындарының арасынан ыңғайлы 5-ін таңдадым. Соңынан олар лайықты бір қызметті берді. Осылайша мен онда жағажай заттарына арналған дүкенде сатушы-кеңесші қызметін атқардым. Ал жалақымыз едәуір жоғары болды. Олай дейтінім мен онда күніне 14-16 сағат жұмыс істедім. Бізге сағатына 8 АҚШ доллары төленіп тұрды. Соның барлығы қосылып, 2 аптада 1 рет шамалап 1000-1200$ тұрды. Сол себепті мен әке-шешем қалтасынан шығарған қаражатты толық өтеп шықтым деп сеніммен айта аламын. Онымен қоса, өзімді де киім-кешекпен қамтамасыз еттім. Тіпті туған-туыстарыма да техникалық құралдар сыйға тарттым. Оның бәрі тапқан табысымның жемісі. Сондай-ақ, жол сапардың арқасында құрама штаттардың бірнеше қаласын араладым. Ең ұнағаны Нью- Йорк қаласы болды. Қала өте тамаша екен. Зәулім сарайдай ғимараттар көздің жауын алады. Одан бөлек, Мәскеу, Амстердам қалаларында болу мүмкіндігі туды.

– Сен жаңа бір сөзіңде ауызекі сөйлеу тілі болуы қажет деп айттың. Сенің тілдік деңгейің қаншалықты дәрежеде болды?

– ҰБТ-ға қарқынды дайындыққа көшпес бұрын жергілікті тіл курстарында ағылшын тілін жетілдіріп, жеткілікті дәрежеде білетінмін. Деңгейім «Intermediate» болды. Сондықтанда сұхбаттасу мен үшін аса қиындық тудырмады.

26-012

 

– Оқу орныңнан жалғыз өзің бардың ба, әлде жаныңда өзге достарың да болды ма?

– Негізі біздің университеттен 5 адам құжат тапсырған. Бірақ соның 3-еуі ғана жолдамаға ие болды. Ары қарай құжаттарды рәсімдегенде 3 студент те әр штатқа жіберілдік.

– Сенің шетелге барамын деген шешіміңе ата-анаң қарсылық танытқан жоқ па?

– Ата-анам шетелге барсам деген бала кездегі арманымнан хабардар еді. Себебі саяхаттау туралы жоспарымды үнемі айтып отыратынмын. Әкем бір сөзінде жіберетіндігін уәде еткені есімде. Сол сөздің жетегінде жүрген мына мен жол жүретіндігімді жеткізгенде, үй іші тегіс қарсылық танытты. Өйткені мұхиттың арғы жағындағы елге жол тартатын болған соң қатты уайымдады. Десе де түсіністікпен қарап, мені ұзақ сапарға жіберді.

– Ал шетелдегі өмір, онда тұру, жұмыс істеу жағы көңіліңнен шықты ма?

– Жоғарыда айтқандай, Флорида штатының Дестин қаласында бір американдық отбасымен бірге тұрдым. Олармен 3 айдың көлемінде тек ағылшынша сөйлесіп, тілдік қорымды толықтырдым. Сондай-ақ, қалада осы бағдарлама бойынша келген студенттер саны жетерлік. Дені ТМД елдірінің азаматтары болғандықтан, олармен кей кездері орыс тілде тілдесетін болдым. Сонымен 2 тілді қатар алып жүрдім. Соның арқасында тіпті бөтенсу байқалмады. Тез сіңісіп кеттім. Бір байқағаным, онда тәртіп қатаң түрде қадағаланады. Істеген ісіңе мұқият мән беріп, барыңды салып жұмыс істеуді талап етеді. Адамдармен артық сөйлесіп тұруыңа да тыйым салынады.

– Алыс сапардан өзіңе не түйдің?

– Ең маңыздысы табандылыққа, төзімділікке үйрендім. Өз бетіммен тұруға, еңбектенуге және өз мәселерімді жеке шешуге үйрендім. Американдық адамдардан ең ұнаған дүние – әр күнін, әр уақытына мереке іспеттес қарауы. Олар үшін әр күн мейрам, қуаныш. Тіпті, көңіл-күйің жоқ болған кезде жағдайыңды сұрап, еш мұңаюға жол бермейтін Америка халқы осы мінездерімен есте қалды. Олар болмашы нәрсеге уайымдамайды. Керісінше қуануға бейім. Бұл біздің күйбең өмірге бейімделіп, өзімен-өзі қиындық тудырып жүрген қарапайым халыққа сол елдің жұртынан алуға тиісті қасиет деп білемін.

– Алдағы жоспарың қандай?

– Егер АҚШ-қа бару жөнінде сөз болып тұрса, мен ондай мүмкіндікті жібермейтін едім. Алдағы уақытта міндетті түрде саяхаттасам деген жоспарым бар.

Сұхбаттасқан – Айя Мүтәлі