Жоғарғы шенді тәртіп сақшысы жазаға кесілді

458

Тәртіп сақшысы жазаға кесілді. 2015 жылғы 25 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал аудандық сотының үкімімен Мақтаарал ауданының ішкі істер басқармасының бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Мырзалиевке 18 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Айыпталушы қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, ол енді ішкі істер органдарында лауазымдық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айрылды. Жеке мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар, А.Мырзалиев қылмыстық кодекстің 49-бабы негізінде «Полиция полковнигі» арнаулы атағынан айрылды.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде полиция полковнигі А.Мырзалиев Д. деген азаматшадан 300 мың теңге пара алу барысында ұсталды.

Ұсталған азамат бұл ақшаны азаматшаның туысын қылмыстық жауапкершілікке тартпай, оған қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін алмақ болған екен.