Оңтүстікте 2015 жылдың 1-10 қыркүйегі аралығында «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-алдын алу іс-шарасы басталады. Кең ауқымды республикалық акция жаңа оқу жылының қарсаңында балалардың жол-көлік оқиғасында жарақаттануының алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ересектердің назарын аудару мақсатында өткізіліп отыр.
Шымкент қаласында 141 жалпы орта білім беретін мектеп болса, онда 126 1412 оқушы білім алады.
ОҚО ІІД бастығының 21.08.2015 жылғы №348 бұйрығы басшылыққа алынып, оған сәйкес биылғы оқу жылы барысында Шымкент қаласындағы барлық мектептерде сағат 09:00-ден кешке дейін мектепке жақын жердегі көшелерден оқушыларға арналған қауіпсіз өткелдер ұйымдастырылады.
Оның ішінде магистральды жол тораптарының бойында орналасқан 66 мектепте жол-патрульді полициясы инспекторлары және мектептегі полиция инспекторлары бірлесіп, қауіпсіздікті бақылауға алатын болады. Ал Шымкент қаласындағы шағынаудандардың аумағында орналасқан 75 мектептің қоғамдық қауіпсіздігін және таңертеңгі уақыттағы жол ережелерінің сақталуын кәмелет жасына толмағандар ісімен айналысатын учаскелік инспекторлар мен мектеп инспекторлары қамтамасыз ететін болады.
27 тамыз күні департамент бастығының ұйымдастыруымен мектеп инспекторлары, кәмелет жасқа толмағандар ісімен айналысатын учаскелік инспекторлар және Шымкент қалалық ЖПП-ның жол-патрульді полиция инспекторларының қатысуымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың жаңа оқу жылындағы жол қауіпсіздігі аясында көтерілген мәселелер бойынша жиын болып өтті.
Балалар мекемелері маңайында көше-жол жүйелері кешенді тексеріліп, балалар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылады, жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша ата-аналар жиналыстары, семинарлар өткізіледі. Арнайы сабақтарды жүргізу үшін білім беру органдарына әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетіліп, жасөспірім жүргіншілер тарапынан жасалатын жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу жұмысына, жол қауіпсіздігі шараларына ерікті көмекші-жасақтар қатыстырылады.
Жоғарыдағы бұйрықтың негізінде облыстың кейбір қалалары мен аудандарындағы 214 мектепті ішкі істер органы қызметкерлері қадағалайтын болады (мектеп инспекторлары, кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын учаскелік инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік полиция инспекторлары). Оның ішінде қала және аудан орталықтарында орналасқан 135 мектеп және республикалық және облыстық маңызы бар жол тораптарын бойлай орналасқан елдімекендердегі 79 мектеп те бар.
Акция барысында әкімшілік полиция қызметкерлері жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп, көше-жол желілерінің және жалпы білім беретін, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беретін балалар ұйымдарының және олардың аумағына жақын орналасқан орындарда жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын тексереді.
Әкімшілік полиция басқармасы жедел басқару орталығымен бірлесіп, бейне-бақылау камераларының көмегімен қызметкерлердің акцияға қатысып, қызмет барысындағы атқарып жатқан жұмыстарын бақылап отыратын болады.
Айта кету керек, «Абайлаңыз, балалар!» іс-шарасы биылғы 1 қыркүйектен басталып, 2016 жылдың 25 мамырына дейін жалғасады.