Облыс әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен Шардарада өткен кеңейтілген жиында алғашқы жарты жылдықта жасалған жұмыстар мен хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы Қ.Айтөреевтің есебі сараланды. Мәжіліске облыстық мәслихаттың хатшысы мен басқарма жетекшілері және аудандағы бөлім меңгерушілері, ауыл әкімдері қатысты.
2013-2014 жылдары Шардара ауданында 19 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Осы ғимараттардың бүгінгі күйі қандай, оларды салған мердігер ұйымдар берген кепілдік мерзімі ішінде қандай жұмыстар атқарылуы керек?
Осы секілді сауалдар әрбір ауыл әкімін, жауапты сала басшысын мазалауы керек деген өңір басшысы қазірдің өзінде Жаушықұм ауылдық округінде ашылған мектеп-интернат пен Шардара қаласындағы орта мектепте және спорт кешенінде құрылыс барысында жіберілген кемшіліктердің анықталғанын мәлімдеді. Ал жергілікті билік осы олқылықтар жайлы облыстық басқармаға бірде-бір ақпар жолдамаған.
Ауыл әкімдері мен жауапты сала басшыларына құрылысы аяқталған және құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды үнемі қадағалау керегін айтқан өңір басшысы, қатаң бақылаудың арқасында мердігер мен техникалық қадағалау мекемелерін тәртіпке шақыруға болатынын жеткізді. Одан бөлек мердігерлер мемлекет есебінен салынған нысандарда қазақстандық мазмұндағы құрылыс материалдарын қолдану керек, бұл мәселе де бақылаудан тыс қалмауы тиіс.
Бүгінде Шардара қаласының Әсем шағынауданындағы 23,6 га аумақта тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдері қарастырылып, қажетті инфрақұрылым тартылған. Мұнда 46 арендалық үй салу жоспарланып, он үй пайдалануға берілген. Қалған 33 үйдің құрылысы кешеуілдеуде.
Осы кемшіліктер бойынша аудан әкімінің орынбасарына ескерту берілді. Аудан әкімінің төрағалығымен жыл басынан бері сәулеттік жобалар бойынша небәрі бір-ақ мәжіліс өткізілген. Аудан орталығы мен аймақтағы халқы көп шоғырланған елді мекендерді абаттандыру, сәулеттік келбетін айқындау бойынша мұндай кеңестер тұрақты өтуі керегі ескертілді.