Қазақстанда балалар үйін азайтып, аналар үйін көбейту керек. Сонда тастанды сәбилердің саны азаяды. «Аналар үйі» қоғамдық қорының мамандары осылай дейді.

Өйткені жыл сайын жалғызбасты аналардың саны артып, баласынан бас тартқан әкелер қатары көбеюде. Ал аталған мекеме баланың толыққанды отбасында тәрбиеленуі үшін ең алдымен ата-анамен жұмыс жасауды бірінші кезекке қояды.

004

Жүзін жасырған жас ананың жасы — 16-да. Бір жыл бұрын орталықтың есігін қаққан ол үшін бұл баспана өз үйіндей. Бір жасар ұлының да көңілі тоқ. Кәмелетке жасқа толмай жатып бала сүйген жасөспірімді, өзінің айтуынша, жігіті тастап кеткен. Шымкентте тұратын әке-шешесіне баруға батылы жетпейді.

Соңғы кезде аналарды қамқорлығына алатын осы орталыққа хабарласып, пана іздейтін жалғызбасты аналар көбейген. Әсіресе, соңғы екі жылда. Мысалы, осы аралықта орталықтарға 800 жас ана келген. Жиынға қатысушылар бұл ретте пікірлес — балалар үйін азайтып, аналар үйін көптеп ашу керек дейді.

Баян Молдашева, «Аналар үйінің» үйлестірушісі: «1,5 жасқа дейін ана өз баласын бағып-қағады, суға түсіреді, тамақтандырады, Көп аналар орталықтан шығар да балаларын тастамайды.»

Шымкентте дәл осындай 2 орталық бар. Онда 25 ана балаларымен тұрып жатыр. №1 қамқор үйіндегі 16 келіншектің 3-уі, тіпті, кәмелеттік жасқа толмаған. Екеуінің жасы — 14-те. Ол аздай, ешбір құжаты жоқ, жазу жаза білмейтіндері де бар.

Надия Боранбаева, «Аналар үйі» қоғамдық қоры директорының орынбасары: «Біз орталықтағы аналарды өмір сүруге баулимыз. Көмектесеміз, құжаттарын рәсімдеп береміз. Балалары бір жастан асқандары бүлдіршіндерін балабақшаға беріп, жұмыс істейді. Қалғандары аспазшы, тігінші, массаж жасаушы, дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқып жатыр. Одан кейін жұмысқа орналасуға көмектесеміз.»

Осы орталыққа келгенде жақын күндері Шымкентте тағы бір орталықтың ашылатынын естідік. Жалпы, бүгінде Қазақстанның 17 қаласында 26 орталық жұмыс жасайды. Сол қажетті уақытта қамқор болған үйлер ерте жүктілік пен жас отбасындағы келіспеушілік мәселесін түбегейлі шеше ала ма? Бұл сауалға жауап беру қиын.