Биыл Оңтүстіктегі 1022 мектепте 562 621 оқушы білім алады

202
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдегі білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы және мектеп оқушыларын оқулықтармен қамту жайы қаралды. Жиынға басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысып, күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов баяндама жасады.
003
Білім саласында атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасаған Е.Айтаханов бүгінгі таңда өңірімізде мектепке дейінгі ұйымдардың саны 1454-ке жетіп, оларда 157 780 бала қамтылғанын атап өтті. Облысымыз республика көлемінде бірінші болып балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кеңейтуді қолға алғанын мәлімдеген облыс әкімінің орынбасары қазірдің өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 647 балабақша іске қосылып, ол  өңіріміздегі жалпы мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің 44,4 пайызын құрап отырғанын жеткізді.
– Жалпы мектепке дейінгі ұйымдарға 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 78,3 пайызға жетіп, мемлекеттік бағдарламаның жылдық жоспар артығымен орындалды, –  деді Ерлан Қуанышұлы.
Былтырғы оқу жылында 1022 мектепте 562 621 оқушы білім алып, ҰБТ-ға мектеп бітірушілердің 69,8 пайызы қатысқан. Облыстың орташа көрсеткіші өткен жылдан 4,2 баллға көтеріліп, 78,7 балды құраған. Ал «Алтын белгіге» 608 түлек ие болып, өткен жылмен салыстырғанда 172 түлекке артқан.
– Бұл республикадағы «Алтын белгі» иегерлерінің 30%-ын құрайды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Білім мекемелерінің қысқы жылыту маусымына дайындығы жөнінде ақпаратқа сенсек, 1479 білім беретін мекемелердің жылу жүйелеріне қысымдау-сығымдау жұмыстары 94 пайызға атқарылған, қажетті қатты отынның 72 пайызы, сұйық отынның 80 пайызы тасымалданып, табиғи газбен жылытылатын 355 білім мекемелері газ тасымалдаушы мекемелермен келісім-шарт түзген.
Биыл өңірдегі 1022 мектепте 562621 оқушы білім алады. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі әзірлеген кестеге сәйкес облыстағы мектептер 2015 жылы 4, 5, 6, 11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерімен және 3-сыныптың ағылшын тілі мен 7-сыныптың информатика пәні оқулықтарымен қамтылуы тиіс.
Осы орайда аудан, қала әкімдіктері 12 баспамен жасаған келісім-шарт негізінде келіп түскен оқулықтарды мектептерге таратуда. Бұл бағыттағы межеленген жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасып, білім мекемелері қажетті оқулықтармен толық қамтылмақ.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жаңа оқу жылына дайындық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе екеніне ерекше тоқталып, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына білім беру ұйымдарындағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының өз мерзімінде атқарылуын бақылап, сапасын қадағалауды және құрылысы жоспарланған нысандарға жер бөлуді тездету, білім беру ұйымдары алдында оқушылар қауіпсізідігін қамтамасыз ету үшін арнайы жол белгілерін орнату жайында бірқатар нақтылы міндеттер жүктеді.
ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі