Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері ұрлық жасамақ болған жігітті өздері билік етпекші болған Сайрамның тұрғындарын тоқтатты. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
2015 жылғы 30 шілде күні сағат 23:00 шамасында Шымкенттегі Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері Сайрам ауылына суыт хабар бойынша жетеді. Анық болғаны осындағы үйлердің біріне ұрлыққа түскен күдіктінің бірін жергілікті тұрғындар ұстап алып, соққыға жыққан. Күдіктінің екіншісі қашып кетіпті.
Қазіргі таңда 27 жастағы жігіт Төле би аудандық ауруханасында ем қабылдауда. Сайрам ауданының прокурорының шешімімен ол ешқайда кетпеу туралы қолхат жазған.
Арада бір тәулік өткенде Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіре отырып қашып кеткен екінші күдікті — Шымкент қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады. Ол қазір уақытша ұстау изоляторында жатыр.
Тергеу жұмыстары барысында дене жарақатын салу бойынша күдікті ретінде Сайрам ауылының үш тұрғыны анықталды. Олардың бірі — 29 жастағы жігіт өзінше билік ету жәйті бойынша ұсталып отыр.
Сотқа дейінгі тергеу барысында барлық сот сараптамалары тағайындалды, күдіктілердің кінәсі қылмыстық істің материалдарымен толық дәлелденді.
Осы оқиғалар бойынша қылмыстық кодекстің 188-бабының 2-бөлігі (бөтеннің мүлкін ұрлауға оқталу) және 389-бабының 3-бөлімі (өзінше билік ету) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы мәселеге байланысты Шымкент қаласының әкімі Д.Сатыбалды, Қаратау ауданының әкімі Ғ.Исмаилов, Сайрам ауданының прокуроры С.Орманов, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Д.Мейірхан, Қаратау полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы С.Тугелбаев және Сайрам елдімекенінің ақсақалдары жергілікті тұрғындарды жинап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.