Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында облыс аумағында«Мектепке жол» акциясы басталды. Сауапты істің биылғы ерекшелігі – екі айға созылуында. 1 тамыз бен 31 қыркүйек аралығында жалғасатын шара аясында көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың, сондай-ақ, жетім, жартылай жетім балаларға көмек берілмек.
Ордабасы ауданындағы Шұбар ауыл округінің әкімдігінде өткен акцияда 15 оқушы кәсіпкерлерден сый-сияпат алды. Ауылдың қалталы азаматтары, сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, жеткіншектерге жылы лебіздерін де жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Сәдірмек «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген қанатты сөз бар. Ұрпағын тек өмірінің жалғасы ретінде ғана емес, мемлекетінің болашағына балайтын қазақпыз. Бүгінгі қамқорлық жастарымыздың ертеңге сенімін нығайтып қана қоймай, олардың бойында мейірімділік, отансүйгіштік қасиеттерін ұштай түсетіні сөзсіз. Жақсылық жасауға жанымыз жақын болсын» деп, көпшілікке алғыс айтты.
Ауыл әкімі Ә.Бегайылов, ауыл биі Б.Бердібеков те аталмыш шараның игіліктеріне тоқталып, балаларға жақсы сөздерін арнады.