Мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырғандар жазаланды

306

Оңтүстікте мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырғандар жазаланды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі тәртіптік кеңес отырысында бірнеше шенеуніктің тәртібі майшаммен қаралды. Жұмысын толық аяқтамаған мердігерге қаржысын аударып жіберген мақтааралдық білім басшысының орынбасары қатаң сынға ұшырады.

Сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеунік қаражатты заңсыз аударғанын мойындағысы келмеді. Бұл ісін бөлім басшысының арнайы қаулысымен орындағанын алға тартты. Алайда дәл осындай бірнеше маманның ісін саралаған кеңес мүшелері қызметінен босатамыз деген райынан тез қайтты. Оған аудан әкімінң өтініші сеп болды.

Жамантай Бейсенбаев, Мақтаарал ауданының әкімі: «Негізі, Серік Әлмешұлы бөлім басшысының міндетін атқарушы болып, бес күн ғана отырған. Басшының қаулысы негізінде қол қойған. Әрине, қол қойғаны үшін кінәлі. Бірақ, сыбайлас жемқорлық бойынша емес, Еңбек кодексі бойынша жаза көруді маған тапсыруларыңызды сұранамын. Онсыз да кадр тапшы. Бұлай әрқайсысын жұмыстан шеттете беретін болсақ, кадрсыз қаламыз. Менің ұсынысым осындай».

Тәртіп бұзған шенеуніктердің арасында Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы да бар. Ынтымақ Мәдиев оқушылардың оқу-далалық жиынын өткізу туралы конкурсты электронды нұсқада жүргізбегені үшін жазықты екен. Осымен бір емес, бірнеше рет кеңес мүшелерінің алдында ісі қаралған Мәдиев мемлекеттік сатып алуды адал өткізгенін айтып ақталды. Әрі қайта-қайта айыптылар орнынан көрінгеніне ұялатынын жеткізді.

Ынтымақ Мәдиев, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «Маған да ұят, қайта-қайта алдарыңызға келе беру. Мұрша берсеңіздер, мұндай олқылықтың не үшін орын алғанын түсіндірейін. Мемлекеттік конкурс кезінде электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу порталы жұмыс істемей қалды. Ал уақытын шегеру мүмкін болмады. Өйткені, мамыр айында оқушылар каникулға кетеді. Бірақ, жеңімпаз болған мердігерге көмек те берген жоқпын. Қолдау да көрсетпедім».

Шымкенттің бас ұстазының бес минуттық сөзін тыңдап шыққан кеңес мүшелері оның тәртібін қарауға қала әкіміне хат жолдайтын болып келісті.