Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ауыл шаруашылығы өркендеген, соның ішінде жылыжайдың көлемі бойынша елімізде көш бастап тұрған Сарыағаш ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, онда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен «Жер сыйы» ЖШС-нің тұқымбағында болды. Танабай Шынтасов жетекшілік ететін серіктестік негізінен жеміс пен жүзімнің көп жылдық екпелерін баптап, өсірумен айналысады. Өздеріне тиесілі 94 га егістің жартысынан көбін үнемді әдіспен суаратын серіктестік түрлі жеміс және субтропикалық, декоративтік көшеттерді өсіруде.
Тұқымбақты аралап, жұмысшылармен жүздескен облыс әкімі аймақта қарқынды көшет өндіруді толықтай қолға алу қажеттігін айтып, тамшылатып суғарылатын егістік алқабының көлемін арттыру жайына ерекше тоқталды. Сапар барысында «Ынтымақ-Бесарыс» ЖШС-нің 14 га аумақты алып жатқан қарқынды алма бауында атқарылған жұмыстың жайын көрді.
«Голден Делишес», «Фуджи», «Айдаред», «Гала», «Гренни Смит» сынды алма сұрыптарын өсіретін серіктестік алдағы уақытта бау көлемін 30 га жеткізуді межелеп отыр. Осы жерде сала мамандармен кеңескен өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласында оңтүстіктің өзіндік бренді қалыптасуы қажеттігін айрықша айтып, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевқа бренд символикасын әзірлеуді жүктеді.
Жалпы, еліміздегі жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстік Қазақстанға тиесілі болса, соның жартысы Сарыағашта орналасқан. Облыс әкімі шетелден келетін өнімдерінің орнын толтыру үшін жауаптыларға осы салаға барынша басымдық беріп, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысты отандық өнімдермен алмастыру бағытында жоспарлы жұмыс жасауды міндеттеді.
ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі