Облыс әкімі есеп берді

300

Оңтүстіктегі 34 елдімекенде су құбырын төсеу жұмыстары қызу жүруде. Жыл басынан бері су жүйесі мүлдем жоқ 8 ауыл сапалы тіршілік нәрімен қамтылған.

Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің есептік жиынында айтылды. Өңір басшысы мәслихат депутаттарын соңғы алты айда облыс аумағында тындырған тірлікпен таныстырды.

Асқар Исабекұлы халық қалаулыларын көп күттірмеді. Депутаттар мен сала басшыларының бас аяғы жинала салысымен есептік жиынды бастап кетті. Өңір басшысының айтуынша, барлық салада өсім бар. Ал индустриалық-инновациялық дамудың жоғары серпіні бойынша облыс республикада көш бастап тұр.

Облыс әкімі өңірде газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асып жатқанын жеткізді. Айта кетейік, биыл Түркістан қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясы пайдалануға беріліп, 40 елдімекен көгілдір отынмен қамтылмақ.

Аграрлы өңірдің ауыл шаруашылығындағы аяқалысы да жаман емес. Биыл саланы дамытуға қаралған қаражат едәуір өсіп, өнім көлемі 90 млрд теңгені құраған. Облыс аумағындағы жер қорының тиімді пайдалануы да билік назарында.

Үй іргелік жер телімдерін игеру бойынша барлық қала, аудандарда талдау жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде 2 мың гектардың бос жатқаны анықталған. Облыс әкімі осы жерлерді әжетке жарату мақсатында жасалған 3 жылдық іс-шаралар жоспарын таныстырды.