Ордабасы ауданында шағын жедел басқару орталығы ашылды. Бұл орталық облыстық ішкі істер департаментіне қарасты жедел басқару орталығының принципімен жұмыс істейді. Яғни, әр түрлі жерлерге орнатылған бейнекамералардың жазбалары бір орталыққа жиналады.
Интеллектуалды бағдарламалары бар бейнекамералар жүйесі аудан орталығындағы қарқынды жол қозғалысы аумақтарында іске қосылып отыр. Көшедегі оқыс оқиғаларды түсіріп, құқық қорғау қызметкерлерінің назарын аударуға бағытталған құрылғы он екі жерге орнатылды.
Бұл мақсатта аудан бюджетінен 12 миллион теңге бөлінген. Салтанатты шараға аудан әкімі Самат Сапарбаев пен облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сұңғат Тіленшин қатысты. Алдағы уақытта бейнекамералар мүмкіндікке қарай ауылдық округтерде де орнатылмақ.