Сайрам-Өгемдегі шыңға ассамблея атауы беріліп, ту тігілді

675

Батыс Тянь-Шань тауында Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталатын шың пайда болды. Бұл — «Бұл — біздің таулар!» фестивалінің аясында іске асқан жоба. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам-Өгем шатқалының шығыс жақ бетінде орналасқан асудың биіктігі 3 мың 535 метр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7p6KTgZhZak[/youtube]

Фестиваль аясында тәжірибелі альпинистер бастаған еріктілер тобы тау шыңын бағындырып, достықтың символына айналған асуда еліміздің көк байрағы мен ассамблея туын желбіретуге аттанып кетті.

003

Шамиль Рафиков, тау нұсқаушысы: «Шыңға қарай қиын да ауыр жолдармен жүреміз. Сазан ата шатқалын бойлай отырып, кешке қарай Үлкен балалар жазығына жетіп сонда түнейтін боламыз. Бұйыртса, ертең таңертең жолға шығып, шыңға жетеміз деп ойлаймын. Еліміздегі тұрақтылықтың символы болған шыңды бағындыру – мен үшін бақыт.»

Ал кәсіпқой фотограф Богдан Руденко бұл сапарға алғашқылардың бірі болып қатысуға ниет білдіріпті. Жол ауыр. Дегенмен мұндай сәттер келе бермейді. «Сондықтан шыңға шығып, қайталанбас кардлар түсіріп қайтқым келді» дейді суретші.

Богдан Руденко, шараға қатысушы: «Тауда жеңіл жүктің өзі ауыр болады. Сондықтан мейлінше аз әрі жеңіл заттар алуға тырыстым. Дегенмен жан серігім фотоаппаратымды ұмытқан жоқпын. Қаншама көріністер мен табиғаттың тамаша жерлерін түсіріп қайтамын деп ойлаймын.»

«Асуды бағындырғысы келгендер көп болды» дейді шараны ұйымдастырушылар. Дегенмен олардың бәріне бірдей рұқсат етілмеген. Өйткені жықпылы көп тау шатқалында жүру қауіпті. Тіпті кейбір жерлерден тек арқанның күшімен ғана өтуге болады екен. Шыңға барар жол альпинистер тілімен айтқанда өте ауыр асу деп бағаланған. Тарихи сәттің куәгерлеріне сапар алдында шыңға қойылатын капсула салтанатты түрде табысталды.

Мұратәлі Калмұратов, ассамблея хатшылығының меңгерушісі: «Шараның негізгі мақсаты – еліміздегі достықты, ынтымақты, бірлікті айтып қана қоймай, нақты дәлелдеу және туризмді дамыту.»

«Бұл — біздің таулар» дәстүрлі фестиваліне қатысушылар екі күн бойына Сайрам-Өгем шатқалындағы әсем жерлерді аралап, табиғатты тамашалап қайтты. Алған әсерлерін қағаз бетіне түсірді. Кешқұрым алау басына жиылып, авторлық ең үздік деген әндерді шырқап, би билеп, тынығып қайтты.

24kz