Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары базар аралауға шықты. Саудагерлердің табысымен жіті танысуды мақсат еткен топ Қырғы базарда рейд жұмыстарын жүргізді.
Ал бұған дейін салықшылар қаладағы дүкендерді, асхана мен букмекерлік кеңеселерді тексеріп, бірқатар кемшіліктер тапқан болатын. Олардың барлығы салық заңнамасын өрескел бұзғандардың қара тізіміне ілікті.
Фархад Өтембаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы: «Салық заңнамасын бұзған 62 адам анықталды. Оның қырыққа жуығы тіркеуге тұрмаған. Ал 15-і алькоголді ішімдікті рұқсатсыз сатқан. Олардың барлығына шара көріледі».
Ал Қырғы базардағы тексеру барысында өрескел қателіктерге жол бергендер болмады. Мұндағы әр саудагердің патенті, яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген куәлігі бар. Бұл — базар басшылығының талабы. Одан бөлек сатушылардың нәпақасын адал әрі заңды табуға бел байлағандарының белгісі.
Самат Әбдіжаппаров, саудагер: «Бұрын сауда жасау үшін талонды күніге алатын едік. Міне, бірнеше жыл болды, патент алып, айына бір рет салық төлейтін болдық. Дер кезінде міндетті төлемді төлеп отырсаң, ешкім мазаламайды. Емін-еркін сауда жасауға болады».
Мұндай тексеру шараларының нәтижесінде кәсіпкерлердің саны анықталады. Салық саласы мамандарының айтуынша, рейд жұмыстарының барысында бұрын-соңды тіркелмей, табысын жасырып келген үш жүзге жуық кәсіпкер анықталған. Енді олардың аты-жөні базаға енгізіліп, салық көлемі артады. Тиісінше, қазына қаржысы 180 млн теңгеге ұлғайған.