Шымкентте кәсіпкерлер шу шығарды. «Север» сауда үйінің сатушылары жалгерлік ақының қымбаттауына наразылық білдірді. «Бүгінгідей нарықтық жағдайда клиенттер қатары азайып, саудадан маза кетті. Сондықтан тиісті төлемді төлей алмай жатырмыз» дейді кәсіпкерлер.

Айгерім Байдуллаева әйелдердің әшекей заттарын саудалайды. Аядай ғана бутик үшін ай сайын 70 мың теңге төлейді. Валюта нарығындағы жағдай тұрақсызданғаннан кейін сатып алушылар қатары сиреп, сауда да сап тыйылыпты. Сондықтан ай сайынғы жалгерлік ақыны төлеуге қауқарсызбын деп отыр.

Қазір мұнда 100-ге жуық кәсіпкер сауда жасайды. Азық-түлік пен жеміс-жидек самсап тұр, киім-кешек те бар. Алайда келушілер аз. Сондықтан осынау кезеңде саудагерлер жалгерлік ақыдан жеңілдік жасауын сұрайды.

Алайда дүкен басшылары жалгерлік ақының көтерілгенін жоққа шағырып отыр. Керісінше, қазіргі нарықтағы ақуалды ескеріп, кәсіпкерлерге жеңілдік жасап отырмыз дейді. Себебі, келісім-шарт бойынша кәсіпкерлер сауда үүшін қыркүйек айынан бастап жалгерлік ақының 50 пайызын төлеуі тиіс болатын.

Наурыз айынан бастап ашылған базарда саудагерлер бір ай тегін сауда жасаған. Мамыр айынан бастап жалгерлік ақының белгілі бір бөлігін ғана төлеп тұрған. Базар басшылығы «коммуналдық төлемдерді айтпағанда өзге де шығындардың өзін өтеу бізге де мұң болып тұр. Сондықтан да жалға алушыларға мұдан артық жеңілдік жасай алмаймыз» дейді.