Шардара ауданындағы кәсіпорындар биылдың алты айында 2925 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,6 пайызды құраған. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте аудан әкімі Қ.Айтөреев мәлім етті.
ҮИИД бағдарламасы аясында құны 525 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 35 га аумақта индустриалды аймақтың құрылыс қолға алынып, инженерлік-коммуникациялық жүйелері салынуда.
Шардара су қоймасы жағалауынан балық тәлімбағын қайта құру мақсатында арнайы іс-шара жоспары қабылданып, оның аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын қалпына келтіру, трансформаторларды жөндеу, сорғы стансасын қайта салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылдың аяғына дейін бірінші кезеңдегі жұмыстар аяқталып, шабақ өсіретін тоған іске қосылмақ.
Ауыл шаруашылығы саласында 2159 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 102,3 пайызға артқан. Аудандағы 64 000 гектар суармалы жердің 59300 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, жоспар толығымен іске асырылған.
Мал шаруашылығын дамыту іс-шарасына сәйкес 2592 тонна ет, 9423 тонна сүт, 1228 мың дана жұмыртқа және 224,3 тонна жүн өндірілген. «Сыбаға» бағдарламасына 2011-2014 жылдары барлығы 52 шаруашылық катысып, етті бағыттағы асыл тұқымды 204 бас бұқа сатып әкелінді, 2014 жылы тұқымдық түрлендіру жұмыстарына 6132 бас аналық мал қамтылды. Бұл барлық аналық малдың 60,2 пайызын құрайды.
Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1380 бас аналық және 47 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Ауданда 7 жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, Қызылқұм, Сүткент, Ақ алтын, Егізқұм және Достық елдімекендерінде газ жеткізуші газ құбыры салынуда. Одан бөлек, Көксу елдімекенінде орта қысымды газ өткізгіші құрылысы қолға алынған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі