Оңтүстікте 27 тауарлы балық шаруашылығы ашылып, 8 мың тонна балық өндіріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Шардарада өткен балық шаруашылығын дамытуға арналған семинар-кеңесте айтылды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев, аудан-қала әкімдері мен аймақтағы кәсіпкерлер және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысып, өңірлік балық шаруашылығын 2015-2017 жылдары дамытуға бағытталған іс-шара жоспары талқыланды.
Аталған жоспар аясында өңірде 27 тауарлы балық шаруашылығы ашылады деп күтілуде. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде балық өндіру көлемі үш жылда екі есеге ұлғайып 3800 тоннадан 8 000 тоннаға жетіп, өндірілген өнім Еуропа елдеріне экспортталмақ. Биыл аталған жоспарды жүзеге асыру үшін «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» 400 млн теңге қарастырған. 2016-2017 жылдары бұл мақсатқа қосымша 1 млрд теңге бөлінбек.
‒ Балық өсіремін деп ниет білдірген әрбір кәсіпкерге бес жыл мерзімге жеңілдетілген пайызбен несиелер берілсе, келер жылдан бастап облыстық бюджеттен балық азығының құнын арзандатуға 300 млн теңге субсидия бөлінеді. Осылайша облыста балық шаруашылығы жанданбақ, ‒ деді С.Тұяқбаев.
Семинарға қатысушылар Шардара қаласында орналасқан «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты мен 387 гектар аумақты алып жатқан тәлімбақта болып, ондағы жұмыс барысын көрді. Зауыт басшысы семинарға қатысушыларға балықты қабылдап алу, тазалау, балық етін мұздатып, дайын өнімді қораптарға салу сияқты процестермен таныстырды.
Бүгінгі таңда Шардарада «Хамит» СТК және «Шардара – 1» балық өңдеу зауыттары жұмыс жасайды. Бұл екі кәсіпорын өткен жылы 3600 тонна өнім өндірген. Бұдан бөлек ҮИИДБ аясында 2 шағын балық зауыты мен бір балық өңдеу цехы салынуда.
Осы нысандар іске қосылған жағдайда қосымша жылына 700 тонна балық өндіріліп, 85 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде осы салада еңбек ететін кәсіпкерлер пилоттық жоба ретінде Шардара су қоймасында балықты торлы шарбақта өсіру әдісін қолға алуда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі