Қазақстандық шекарашылар әлемге өлім ұрығын сепкен қауіпті дерт — Эболамен күреске дайын. Таяуда «Жібек жолы» шекара бекетінде оқу-жаттығу өтті. Оның жоспарына сәйкес, шекара асып келген жас жігіттен жұқпалы дерттің белгілері табылыпты.
«Жібек жолы» кеден бекетінде төтенше жағдай. Шетелден келген жолаушының жағдайы күрт нашарлап кетті. Қорғаныш киіміндегі маман жас жігітті тепловизордың көмегімен тексергенде дене қызуы жоғары екені анықталды. Дереу науқасқа бетперде кигізген дәрігерлер санитарлы-карантин бекетіне алып кетті.
Науқаспен тілдескен эпидемолог үшін жолаушының қай елден ұшып келгенін білу аса маңызды. Анық болғаны — жас жігіт күні кеше ғана батыс Африка елінен ұшып келіпті. Шекарадан өтерде іші ауырып, буындары сырқыраған, бірден әлсіреп кеткен. Дереу келген жедел дәрдем дәрігерлері науқасты аудандық аурухананың жұқпалы дерт бөліміне алып кетті.
Ауруханада дәрігерлер жас жігіттен қан алып, сынаманы зертханаға жіберді. Сонда тексеру жасалып, науқасқа нақты диагноз қойылғанша бұл жігіт дәрігерлердің бақылауында жата тұрады.
Ары қарайғы жоспар бойынша кеден бекеті жұмысын уақытша тоқтата тұрады. Жолаушылар терминалына келген арнайы бригада дәрігерлері ғимараттың әр бұрышын мұқиат залалсыздандыруға кірісті. Ал осы арада Шымкенттен келген арнайы комиссия мүшелері оқу-жаттығуға жақсы деген баға береді.
Айта кету керек, қазір Қазақстанның барлық кедендік бекеттерінде бақылау күшейтілген. Қауіпті саналатын елдерден келген жолаушылар шекарашылардың назарынан тыс қалмайды. Осы арада мамандар Батыс Африка елдеріне барудан әзірге бас тартуға кеңес береді.