Шымкент қаласы әкімдігінде облыс әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжілісте бірінші жарты жылдықта берілген тапсырмалардың орындалу барысы сараланды. Басқарма басшылары мен қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері, қалаға қарасты аудан әкімдері қатысқан кеңейтілген мәжілісте алдымен болып коммуналдық салаға қатысты берілген тапсырмалардың орындалуы таразыланды.

Облыс әкімдігінің аппараттық мәжілістерінде шаһар тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп отырған № 3 энергоорталыққа байланысты бірнеше тапсырмалар берілген. Соның бірі – осы ұйымның меншігіндегі жылу жүйелерін коммуналдық меншікке алуға байланысты міндеттерді айқындау, жүйелерді қалпына келтіруге кететін шығын көлемін белгілеу болатын.

Берілген тапсырма қалалық әкімдік тарапынан өз деңгейінде атқарылмаған. Жүктелген міндеттің түпкілікті мақсатын жете түсіндірген облыс басшысы жылу құбырларының коммуналдық меншікке алынған жағдайдағы тиімділікті тереңінен зерттеуді, меншік иесінің осы күнге дейін жүйелерді жаңартуға жұмсаған қаржысын талдап-саралауды тапсырды.

Одан бөлек бүгінгі таңда жылу беру орталығының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдында 956 млн теңге берешегі бар. Осыған қарамастан мекеме басшылығы инвестбағдарлама аясында тозығы жеткен құбырларды жаңартуға 825 млн теңге қарастырған. А.Мырзахметов осы орайда тиісті сала басшыларына менеджментін дұрыс жолға қоймай, қарызын қайтаруға әрекет жасамай отырған орталықтың басшылығына қатысты тиісті орындарға ұсыныстар беруді жүктеді.

Сонымен қатар жиында қалаға қарасты төрт ауданда да жылуға қарыз пәтер иелері бар екені айтылды. Ондай тұрғындар, әсіресе, Еңбекші ауданында көп. Облыс басшысы қаладағы басты мәселе қысқа дайындық жұмыстары екенін ескертіп, аудан әкімдеріне бір ай мерзім ішінде тұрғындардың қарыздарын жабу жөнінде нақты жұмыстар атқаруын міндеттеді.

Осы салаға қатысты берілген тапсырманың тағы бірі – халқы күн санап артып отырған шаһардағы тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар мәселесі. Бұл жөнінде де жыл басынан бері бір емес, бірнеше тапсырма берілген. Алайда, жүктелген міндеттердің атқарылуын дұрыс үйлестіре алмаған облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров сөгіс алды.

Елдімекендерде ауыз су 24 сағат бойы берілуі керек деген тапсырма да өз деңгейінде орындалмаған. Ауыз су жүйелеріндегі ақаулар жөнінде тиісті басқармаға шұғыл ақпарат беру мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Осы орайда арнайы құрылған коммуналдық мемлекеттік мекеме қала аумағындағы 81 елдімекеннің 57-не қызмет көрсетеді.

Мекеме өз міндетіне сай осы елдімекендердегі су жүйелерінің ахуалына күнделікті мониторинг жүргізіп, орын алған ақаулықтар жөнінде тиісті орындарға ақпар беріліп отыруы шарт. Алайда, жауапты мекеме осы мәселемен айналыспаған.

Жалпы, қаладағы инфрақұрылым жүйелеріне байланысты бірыңғай мониторинг жүйесі қалыптаспай отырғанына көңіл бөлген А.Мырзахметов су жүйелеріне жауап береді деген ниетпен құрылған мемлекеттік коммуналдық мекеменің қажеттілігін түптеп қарауды тапсырды. Жекеменшік монополист мекемелер өз мүддесіне сай әрекет ететінін айтқан өңір басшысы олардың әлеуметтік мәселеге жете көңіл бөлетіні күмәнді деді.

Осыған байланысты шаһардың коммуналдық мәселелерін тиімді шешу жолдарын қарастыруды жүктеп, жауапты басқарма осы мәселені дұрыс үйлестіруі керек деді. Өз міндеттеріне жүрдім-бардым қараған коммуналдық мекеме басшысын жұмыстан босатуды тапсырды.

Жиында мемлекет есебінен салынған нысандардың ахуалын күнделікті қадағалау бойынша қаладағы аудан әкімдеріне тиянақты тапсырмалар берілді. Мемлекеттік қызметшіге жүктелген басты міндет бюджет тиімділігін арттыру екенін тағы бір еске салған өңір басшысы қазына қаражатына бой көтеретін нысан салуда отандық өнімдерге әрдайым басымдық беруді ескертті.

Құрылыс саласында атқарылған жұмыстарды талдаған облыс әкімі «Нұрсәт» шағынауданындағы №131 үйді 26 тамызға дейін тапсыруды міндеттеп, биыл құрылысы қолға алынған 12 нысанның 7-уінде жер учаскесі қажетті инфрақұрылымнан 500 метрден астам қашықтықта берілгенін осы салаға жауаптылардың жіберген елеулі кемшілігі деді.

Құрылысқа қажетті жер бөлуде жоспарлы жұмыстар жүргізілмейтінін атап өткен А.Мырзахметов салынатын нысандардың орналасуын алдын ала жүйелеуді тапсырды. Одан бөлек, биыл қала аумағында бюджет есебінен 158 нысанның құрылыс-монтаждау жұмысы басталған. Оның 66-сы қала бюджеті есебінен салынуда. 13 нысанда құрылыс жұмыстары өндірістік кестеден қалғаны анықталып, мердігер ұйымдарға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

2013 жылы пайдалануға берілген 7 білім нысанында ақаулар анықталып, мердігерлер есебінен қалпына келтірілген. Құрылыс саласындағы жұмыстарды екшелеген өңір басшысы жоғарыда айтылған үш мәселе бойынша барлық құрылыс нысандарында тексеру жүргізуді жүктеді.

Құзырлы мекеме мамандағы сәулет және қала құрылысы саласында 3431 заңсыз құрылыс нысанын анықтады. Бүгінгі таңда заңсыз құрылыстар бойынша 189 нысанды бұзу керек деп шешіліп отыр. Заңсыз құрылыс нысандары мүлдем болмау керегін қадап айтқан облыс әкімі осы бағытта нақтылы жұмыстар атқаруды тапсырды.

Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытында да атқарылар міндеттер көп екеніне көңіл бөлген Асқар Исабекұлы қала әкімі жанынан апта сайын сәулеттік кеңес мәжілістерін өткізіп, сәулеттік жобаларды іріктеуде жүйелі жұмыстар жүргізуі керек деді.

Шаһардың орталық көшелеріндегі коммерциялық ұйымдардың маңдайша жазулары мен жарнамаларын сынға алған өңір басшысы осы бағытта да пәрменді жұмыстар атқарып, көшенің бірыңғай келбетін қалыптастыру жөнінде жұмысшы тобын құруды міндеттеді. Қажет болса безендіру жұмыстарымен айналысатын арнайы мекеме құруды қарастырған жөн деді.

Жаңадан салынған нысандарды инженерлік жүйелерге қосуда сәулет және қала құрылысы бөлімі сәулет-жобалау тапсырмасын әзірлеу үшін монополист мекемелерден техникалық шарт алуы қажет. Бұл – уақытты көп алатын қызмет. Осыны ескерген өңір басшысы салалық басқармалардың кәсіпкерлік палатасымен бірлесе заңға өзгеріс енгізу үшін ұсыныс жобасын әзірлеуді тапсырды. Қалада сәулет-бақылау мәселесіне байланысты жекеменшік секторда атқарылатын жұмыстар шаш-етектен.

Жиында қаладағы 189 нысан тұрғын үй ретінде тіркелгенімен, онда коммерциялық нысандардың жұмысын жандандырып отырғаны баяндалды. Яғни, нысандардың мақсатына сай еместігі дәлелденіп, заң аясында шара қабылдау үшін сәулет-бақылау басқармасына берілген. Құрылыс бастауға шешім шығаратын жалғыз орган жергілікті әкімдік екенін ескерткен өңір басшысы қала билігі шығарған шешімдер жөнінде бірыңғай дерекқор әзірлеуді міндеттеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ашылып жатқан балабақшалардың құрылыс сапасын жіті талдау үшін ортақ ереже әзірлеуді жауаптыларға жүктеді.

Шымкентте құрылысы бюджет есебінен жүргізілген 8 нысанда өзге елдерде өндірілген құрылыс материалдары алынған. Осындай кемшіліктерге жол берген жауаптылардың жұмыстан босатылатыны және оны пайдаланған мердігер ұйымдарға шара көру мәселесі қамтылатын ортақ ереже дайындау тапсырылды.

Қошқарата өзенінің емдік қасиетін зерханалық жолмен айқындап, оны емдік туризм нысаны ретінде пайдалану жөнінде жұмыстар қолға алынбаған. Облыс орталығындағы 12 базар бойынша қайта құрылымдау жұмыстары бүгінге дейін жүргізілмеген.

Саумалға деген халықтың сұранысын ескеріп, арнайы орталықтар ашу жөнінде қалаға бірнеше тапсырма берілген. Дегенмен, қалалық әкімдік бүгінге дейін тиісті жобаларды әзірлеп, ұсынбаған. Осы саладағы олқылықтарды ескерген облыс басшысы жыл соңына дейін типтік үлгіде 5 саумал орталығын салуды жүктеп, тапсырмаларды тиянақты орындамағаны үшін құрылыс, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына сөгіс берді.

Шымкенттегі 125 мектептің 34-інде автономды жылу қазандығы орнатылған. Осы білім мекемелеріндегі жылыжайлардың жұмысы жүйеленуі керек деген өңір басшысы қаладағы мектеп жанындағы 24 жылыжайдың жетеуі жұмыс жасамай, тоқырып тұрғанын айтты. Осы орайда жауаптыларға орын алған олқылықтарды шұғыл реттеу жүктелді.

Миллионға жуық тұрғыны бар шаһардағы алғашқы жарты жылдықта атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді талдап-таразылаған жиында А.Мырзахметов жерді тексеріп, беру заңдылығын анықтамайынша жер бөлуді тоқтату, облыс орталығындағы 148 жанармай құю бекетінің қоршаған ортаға тигізер әсерін тиісті мекемелермен бірлесе тексеру, қоршаған ортаға шектен тыс зиянды қалдықтар шығаратын қоғамдық көліктерді бағытқа шығармау жөнінде нақтылы шаралар қабылдауды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі