Шымкентте тапа тал түсте тұтанған тілсіз жау дүйім жұртты дүрліктіріп тастады. 21-шағын аудандағы № 6 үйдің тұрғындары әп-сәтте баспанасынан айрылып қалды.
Түс ауа тұтанған тілсіз жаумен күресу 3-4 сағатқа созылды. Ал бүгін зардап шеккендердің жан айқайын тыңдауға тілшілерден өзге ешқандай жауаптылар төбе көрсетпеді. Баспанасыз қалып, байбалам салғандардың назын біз де бақылап қайттық.
Күтпеген жерден тұтанған тілсіз жаудан тұрғындар абдырап қалған. Бала-шағасын алып сыртқа жүгірген үйдің иелері шелектеп су тасып, өртті ауыздықтауға кірісті. Ал өрт сөндірушілер шеткері орналасқан үйге әрең жетіпті. Тілсіз жаудың салдарынан қатты зардап шекен Мейрамгүл апайдың баспанасы болып отыр. ІІІ топтағы мүгедек жанның жаны күйзеліп, денсаулығы тағы да сыр берген.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GrllMGgpoQg[/youtube]
Кенеттен тұтанған өрт Мейрамгүл апайдың кеудесін ызаға толтырды. Өйткені бұл отбасы үшін аса киелі саналған тал бесіктің қазір тек күлі қалған. Кезінде осы киелі дүниеде бабасынан бастап талай шарана тербеліп өсіпті. Ойыншықтар да қара күлге айналған.
Бұдан бөлек шығынның көлемі де аз емес. 5 жыл тірнектеп жинаған ақшаларына үйдің жөндеу жұмыстарын жақында ғана аяқтаған екен. Енді кейуана шығындарын кімнен қайтарарын білмей дал. Өрттен зардап шеккен қалған 3-қабаттағы пәтер иелері де дәл осындай жағдайды бастан өткеруде.
«Тұрғын үйдің артында шөптің жанғаны туралы шақырту түсті. Жалын 1-қабаттағы жиналған тоңазытқышқа жетіп, жарылыс пайда болған. Содан соң 2 өрт сөндіру техникасы, 17 маман жұмылдырылып, өрт ауыздықталған», -дейді ТЖД мамандары.
Енді келтірілген шығын мен өрттің шығу себебі анықталатын болады. Бұл іспен Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері айналысып жатыр. Баспанасын жалын жалмаған тұрғындар тек бір ғана бөлмеге тығылуға мәжбүр. Бірақ онда да кешегі күйіктің иісі танауды тесіп барады дейді жұрт.