«Оңтүстік» ақпарат орталығында «Көліктік-логистикалық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры С.Абдуллаев БАҚ өкілдерімен арнайы брифинг өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
002
Мемлекет басшысының макро аймақтарды қалыптастыру шеңберінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі тарапынан көліктік-логистикалық орталық салуға 92 гектар жер телімі бөлінді. Оның 20 гектары инфрақұрылымды салуға бағытталса, 72 гектарында 8 инвестициялық жобаның құрылысы қолға алынды.
Бөлінген жер телімі Шымкент қаласының халықаралық әуежайынан 2 шақырым, Батыс Европа – Батыс Қытай халықаралық жолынан 4 шақырым және трансазиялық темір жол магистралінен 500 метр қашықтықта орналасқан.
Көліктік-логистикалық орталық аумағында мұздатқыш камералардан, көкөніс қоймаларынан және құрғақ қоймалардан тұратын жалпы ауданы 230 мың м2 «А» және «В» санатты қоймалары салынуда. Сонымен қатар орталық аумағында контейнерлік алаңша, кедендік терминалдар, дистрибуциялық орталық, техникалық қызмет көрсету орталықтары, кеңсе ғимараттары, тамақтану орындары және қонақ үй қарастырылған.
Құрылыс 2 кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша құрылыстар биыл аяқталады деп жоспарланған. Ал екінші кезеңдегі жұмыстар 2016 жылы аяқталады. Көліктік-логистикалық орталықтың салынуы біздің облыстың 510 мың ш.м. қойма қажеттілігінің 45 % жабады және тұрақты 726 жұмыс орны құрылады.
«Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен инфрақұрылымды құруға 1,5 млрд теңге инвестиция бөлінген. Жалпы тартылған жеке инвестициялар 24 млрд теңгені құрайды.
Логистикалық орталықтың инфрақұрылымының құрылысына мемлекетпен бөлінген әрбір 1 теңгеге 16 теңге жеке инвестициялар тартылды. Көліктік-логистикалық аймақтың қызметі барысында мемлекеттің бюджетіне жыл сайын салық төлемдері және басқа да аударымдар түрінде 900 млн теңгеге жуық қаржы төленеді.
Сонымен қатар облысымыздың қалалары мен аудандарында көліктік-логистакалық орталықтарды құру бойынша жұмыстар қолға алынған. Бүгінгі күнге Мақтаарал ауданында – 19 га, Сарыағаш ауданында – 10 га, Түркістан қаласында 20 га жер телімдері бөлініп, логистикалық орталықтардың құрылысы басталды. Осы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде ауданы 80 мың м2 болатын қойма жайлар салынбақ.
ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі