Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтіп, онда облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов депутаттардың назарына Шымкент қаласы әкімі лауазымына Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовтың кандидатурасын ұсынды. Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бір ауыздан қолдап дауыс берді.
Сонымен, Шымкент қаласының жаңа әкімі — Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов. Оның кандидатурасын Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі де қолдаған.
Ғабидолла Раxметоллаұлы 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауылында дүниеге келген. 1996 жылы экономист-бухгалтер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 1999 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік басқару неміс жоғарғы мектебін бітірген. Бұған дейін бірнеше қызметтік сатыларда абыроймен жұмыс жасаған.
Еңбек жолын 1996-1997 жж. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ассистенті болып бастаған. 1999-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төрағасының орынбасары және төрағасы лауазымына дейін қызметтер атқарған.
2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы премьер-министрі кеңсесінің басшысына тағайындалды. Сонымен қатар 2001-2008 жж. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері ассоциациясының президенті.
«Болашақ» Қазақстан Республикасы жастар саясатының төрағасы (09.2008ж.);
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ кеңсесінің басшысы ( 17.10.2008ж.);
2012 жылы Қазақстанның бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалған;
Ал 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі ьасшысының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Мемлекеттік және халықаралық марапаттары, жүлделері, құрмет белгілері: «Құрмет» ордені (2006ж.), «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалі (01.07.2008ж.).
Үйленген. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген.