Артық қыламыз деп тыртық қылды! Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңартылып жатқан Шымкенттегі 1-мамыр көшесінің №19 үй тұрғындары кешегі жауын-шашынды ауа райында әбігерге түсті. Шатыры ауыстырылып үлгермеген баспананың төбесінен су сорғалап, халықты әбден әбігерге салыпты. Тұрғындар шығынға да белшеден баттық деп отыр.
Жаңарту жұмыстарына кіріскен құрылысшылар екі қабатты үйдің ескі шатырын түгелдей алып тастаған. Жаңа шатырды жауып үлгере алмапты. Жайсыз ауа райынан сезіктенген мердігерлер үйдің төбесін полиэтиленмен бекітпек болған. Алайда, одан да ешқандай қайыр болмапты.
Елена Еремина, № 19 үйдің тұрғыны: «Кеше нөсер қатты болды. Алдымен жатын бөлмені су алып, залға дейін барды. Төбемізден жауын құйып тұрды. Жиһаздар бүлініп, үйдің ішін малмандай болды.»
Ортақ келісім бойынша жаңарту жұмыстарына шатырды ауыстыру, қабырғаны әрлеу жұмыстары кіреді. Құрылыс шығындарына орташа есеппен тұрғындар 12 жылда 500 мың теңге төлеуі тиіс. Алайда, жауын-шашын мердігерлердің жұмысын еселеп берді. Енді оларға пәтерлерді жөндеуге тура келеді. Тіпті, жиһаздарға дейін ретке келтіруі тиіс. Мердігер компания өкілдері кеткен шығындарды өтеп беруге уәде беріп отыр. Алайда, көршілер құрғақ уәдеге күмәнданады.
Гайнуллина Нафиса, № 19 үй төрайымы: «Әрине, табиғаттың тосын мінезіне ешкім де кінәлі емес. Дегенмен, мердігерлер бар жауапкершілікті мойнына алып отыр. Мен үй төрайымы ретінде тұрғындардың алдында кешірім сұраймын. Жауапкершілікті мойныма алып отырмын. Үйді жөндейміз деп, ақырында өзіміз жапа шегіп қалдық.»
Жапа шеккен тұрғындар ешқандай дау-дамайға барғысы келмейді. Тек күрделі жөндеу жылдам аяқталып, пәтеріміз күн суытпай қайта қалпына келсе, болғаны деп отыр. Мұндағылар қазір кеткен шығындарды тиынына дейін есептеп бері үшін бағалаушыға жүгінген.