Жыл басынан бері облыста ғимараты апатты 19 мектептің мәселесі шешілді. Алайда, әлі осындай күйде тұрған 27 мектеп бар. Үш ауысымда білім беретін 24 мектептің биыл біреуінің ғана ғимараты кеңейді. Жыл соңына дейін 3 білім ошағының құрылысы аяқталып пайдалануға берілмек.
Бұл туралы білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталған шұғыл мәжілісте айтылды. Айта кетейік, биыл 74 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірге 3 мекемеде ғана күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жұмыс комиссиясының қабылдауына жіберілген. Жауаптылар жұмысы кестеден кешіктіріліп жатқан кейбір мектептерді бақылауға алуға уәде берді.
Сондай-ақ жиында оқу ордаларының жылыту жайы да пысықталды. Биыл облыста 1500 мекемеге қысымдау-сығымдау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар 94 пайызға орындалған.