Қоқыс шашқандар жазаланады

529
Қоқыс

Қоқысты қалаған жерде тастайтын азаматтар енді айыппұл төлейді. Еңбекші ауданы әкімдігінің бастамасымен жиі ластанатын аумақтарға бейнекамералар орнатылуда. Қондырғының бағасы — 241 мың теңге. Аудандық ішкі істер бөліміндегілер одан нәтиже барын айтады.

Қоқыс

Дегенмен, «Күншығыс» шағынауданындағы гараж төңірегіне қоқыс тастау тыйылар емес. Владимир Фадеев көршілеріне аумақты ластамаңдар деп айтудан жалықпайды. Азамат Сыдықметов те аулада балаларды көрген жерінде тазалық турасында ақыл айтып әлек. Гараж аумағына қоқыс тастауды тоқтату үшін мұнда бейкамералар да орнатылған.

Руслан Арыстанбеков, Еңбекші полиция бөлімінің әкімшілік полиция қызметінің бастығы: «Бейнекамералардың пайдасы бар. Адамдар қоқысты аз тастайтын болды. Екі аптада 12 азаматқа шара көрілді. Тұрмыстық қоқысты тастаған 9 азаматқа қатысты хаттама түзіліп, олардың бесеуіне 5 айлық көрсеткіш — 49100 теңге айыппұл салынды. Еңбекші ауданы әкімдігімен тығыз қызмет етудеміз. Ауданда өзекті деген 8 жерде бейнекамера орнатылуда. Тұрғындармен жиын өткізіп, тазалық шараларын пысықтаудамыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=VmmwShMmJVY[/youtube]

Еңбекші ауданы бойынша 112 қоқыс алаңшасы бар. Алайда сол темір жәшіктерге қоқысты өзге аудандардан келіп тастайтындар да бар көрінеді.

Қазір Орынбай ақын көшесінің бойына бейнекамера орнатылуда. Күні бойы қоқысты Ақтасқа таситын мекеме шығынға батса да, осындай қадамға баруға мәжбүр.

Мұхтар Байболов, «Спецавтотранспорт» ЖШС учаске бастығы: «Біздің мекеме өз қаражатына бейнекамералар сатып алып, әкімдікпен бірге орнатудамыз. Құны 241 мың теңге, аз ақша емес. Бірақ нәтиже болады деген үміттеміз.»

Бейнекамералар Елшібек батыр көшесінде де орнатылды. Ондағы түсірілім бойынша хаттамалар түзіліп, заң бұзған тұрғындар айыппұл төлейді. Ал оған мойынсұнбағандар абақтыға қамалады деп ескертеді полицейлер.

Шынар Оразова