Балалардың қатысымен болатын жол-көлік жарақатының алдын алып, жаңа оқу жылы қарсаңында жасөспірімдер мен балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Абайлаңыз, балалар» атты жедел-алдын алу шарасы өтуде. Ауқымды акция 20 тамызда басталған, енді 20 қыркүйекке дейін жалғаспақ.
Осыған орай қалалық балалар және жасөспірімдер орталығында өрт қауіпсіздігі мен жол апатының алдын алуға арналған шара өтті. Қаламыздағы 50 мектептің 250 оқушысы қатысқан флешмобқа төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ұйытқы болып отыр.
Шара барысында дабыл белгісі қағылып, шәкірттер төтенше жағдайдан шығу жолдарын түрлі ойындар мен сахналандырылған көріністер арқылы көрсетуге тырысты. Бірдей киім формасын киген орталық оқушылары іс-қимыл кезінде белсенділік танытты.
Ал төтенше жағдай қызметкерлері қауіпсіздікті сақтамаудың салдарынан орын алған қайғылы оқиғалар туралы айтып, балаларды сақ болуға шақырды.