«Қазақстан» кинотеатры достық пен бірлік шаңырағына айналады. Мұнда барлық ұлттың әндері шырқалып, билері орындалатын күн жақын. Облыс әкімі өңірдегі ассамблея мүшелерінің басын қосатын шаңырақтың жобасымен танысты. Түрлі этно-мәдени орталық басшыларымен танысып, өнерлерін тамашалады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bShoEl4Jsyg[/youtube]
Облыс басшысы «Қазақстан» кинотеатрының қайта құру жұмыстарының жобасымен танысты. Қоғамдық келісім үйі сән-салтанаты келіскен ғимараттардың бірі болуы керек деп есептейді. Сондықтан қолданылатын құрылыс материалының сапасы жоғары болсын деген талап қойып отыр.
Өңірдегі 20 этно-мәдени орталықтардың басын қосып, достықты ту ететін нысанның архитектуралық жобасын облыстың бас сәулетшісінің өзі таныстырды. Бұрынғы кинотеатр залы 800 орынды конференция орталығына айналады. Ал жекелеген кабинеттер «Қоғамдық келісім» мекемесіне беріледі.
Айта өтейік, бүгінгі таңда ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Онымен «JerGroup» ЖШС айналысуда. Мердігерлер құрылыс құжатын дайындау барысында кездескен кедергілерді облыс әкімінің алдында көтерді. Тұрақ үшін жер телімі жетпейтіні айтылғаны сол еді, жерасты тұрағы салынсын деген тапсырма берілді. «JerGroup» ЖШС басшысы Жасұлан Сәуірбаевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттың 80 пайызы дайын, енді бір айда сараптамаға жіберіледі екен.
Жобамен тыңғылықты танысып шыққан облыс басшысы қоғамдық келісім мекемесінің ғимаратына бас сұқты. Мұнда 20 этно-мәдени орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Бейбіт Бәкірұлын жас ақын Біржан Байтуовты жыр-шашуымен қарсы алды. Достықты ту еткен түрлі ұлт өкілдері ән-жырдан шашу шашты. Жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өзіне арналып қойылған қойылымды аяғына дейін тамашалаған өңір басшысы естелікке суретке түсті. Жеке-жеке кабинеттерін аралып, істеріне сәттілік тіледі.