Арыс қаласындағы қызанақ өңдеу зауыты жұмысын тағы тоқтатты. Осыдан бір жыл бұрын кәсіпорын тоқырауға ұшырап, мемлекеттік қайта сауықтыру бағдарламасы аясында қаржыландырылған болатын. Алайда, биыл өндіріс орны өңдеуге қажетті қызанақты да екпегені белгілі болды.
Қым-қуыт тіршілік қайнап жататын тұста зауыт іші құлаққа ұрған танадай тыныш. Жыл бойына тоқтап тұрған, алайда тәулігіне 60 тонна өнім шығаруға қуатты құрал-жабдық біздің өтінішімізбен іске қосылды. Қаржылық жағдайдың қиындығына байланысты кәсіпорын биыл шикізатты да қамдамаған. Алайда, Италиядан алынған әмбебап құрал-жабдықтарда түрлі көкөністер мен қоса жеміс-жидек қоспаларын да өңдеуге болады. Биыл зауыт алма өңдеу бағытын қолға алып, жеміс езбесін шығарумен шектеледі.
Қысқасы, кәсіпорын өнім шығарып жарытпады. Қатарынан 2 жыл істеген зауыт үшінші жылы тоқырауға ұшырады. Былтыр арнайы қаржыландырудың арқасында сауықтырылған мекеменің көздегені көп еді. Ресей, Украинаға тауар жөнелтеміз деген басшылық экспортты да қарық қылмаған. Зауыт жұмысшыларының сөзіне сенсек, шығын көлемі артып кеткен соң, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Мұндағылар тозығы жеткен қазандық та зауытқа айтарлықтай салмақ салғанын айтады. Күніне 20 тоннаға дейін көмір жағылатын пештер күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазандықтағылар бір пештің өзін әжетке жаратқан. Оның өзінде кем-кетігі жетерлік. Зауыт басшылығының дайын өнімдерді сатуды да ептей алмағанын қоймада қалып қойған тауарлардан ақ байқауға болады. Мұнда қазір 400 тоннаға жуық томат өнімі тұр. Былтыр басшылық небәрі 100 тонна тауардың өзін әрең өткізіпті. Тіпті мұнда бұрнағы жылдардан қалып қойған жарамсыз тауарлар да толы.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=biJ4viPnnzA[/youtube]
Сонымен, зауыт жұмысының тоқырау себептері айдан анық болды. Ал кәсіпорын қашан іске қосылады деген сауалға жауап таппадық. Себебі, осы мәселеге қатысты арнайы сұқбат беруге уәде еткен Арыс қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысынан апта басынан бері ешқанда хабар алу мүмкін болмады.