Арыста әлдекім жұртшылықтың жинаған шөбін өртеп жүр

495

8888888Арыстықтар төтеннен тұтанған тілсіз жаудан мезі болды. Монтайтас елдімекенінде әлдебіреу жергілікті тұрғындардың қысқа жинаған мал азығына қырғидай тиіп жатыр. Жем-шөп сақтайтын қора-қопсылары өртке оранып, оның тек күлі ғана қалған. Әккі әрекетімен ауылды әуреге салған бұзақы әлі күнге ұстатпай жүр. Оған тіпті, полицейлердің де пәрмені жетер емес.

Гүлжахан Қабылованың қорасы  екі рет өртке оранған. 50 шақты бумасы мен 5 көлікке тиеп алып келген сабан-шөбіні күлге айналды. Ауласында тілсіз жау әлі түтеп жатыр. Ала жаздай адырдан малына азық жинап, ауласына үйіп тастаған еңбегі еш кеткеніне келіншек жыларман күйде. Бұл жергілікті жұртқа нәубет болды деп шағынады.

Қазір ауылда өрт сөндіру қызметі мен тәртіп сақшылары кезекте қойылыпты. Күн-түн демей күдіктіні қолға түсірудің қамында. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ. Мына жатын орындарда арнайы жасақ пен полиция өкілдері түнеп те шығады. Бірнеше күш біріктірілсе де, құзырлылар бұзақыны әлі күнге құрықтай алмай отыр.

Құзырлы органдар өрт оқиғаларының көбіне түнгі мезгілде болатынын айтады. Бүгінге дейін ауылдағы 17 қора қызыл жалынға оранып үлгеріпті. Ал тәртіп сақшылары айғақты затты сараптамаға жіберуден өзге тындырған жұмысы жоқ.
Ал жергілікті билік те тұрғындарға көмек көрсетуден теріс айналған. Өйткені, өрттен шығын болғандарға заң аясында қол ұшын беру қарастырылмаған, — дейді. Дегенмен, құзырлылар мен әкімдіктегілер бұзақыны анықтаймыз деп, сылбыр жүргенде ауылымыз түгелдей өртеніп кетпесе деп үрейленеді дүйім жұрт.