Мақтаралда мақта бағасы әлі белгіленбеді

830

Мақтарал ауданында мақта терімі басталды. Алқаптарда қызу жұмыс, ал мақта қабылдау бекеттері ақ алтынды қабылдауға сақадай сай. Тек мақта құны белгіленбеген. Десе де, шаруалар ақ алтынның бір келісін 80 теңгеден өткізіп жатыр. Егер баға көтерілсе, қайта есептесуге болады екен. Ал АҚШ долларының қымбаттауы мақта еккен ағайынды қуантып отыр.

мақталы алқап
мақталы алқап

Мақталы өңір 77 мың гектар жерге ақ алтын еккен. Егістік көлемі жыл сайын азайғанымен, межелеген жоспар артығымен орындалады. Шаруалар былтыр 220 мың тонна өнім жинаған. Ал биылғы науқан әдеттегіден ерте басталыпты. Жиын-терім жұмыстарына 55-60 мың терімші жұмылдырылған. Алдағы уақытта 282 дана комбайын тағы қосылады.

Мақтарал ауданындағы «Рустам» шаруа қожалығы 6 гектар жеріне мақта егіпті. Оны жинау үшін 12 адам жұмылдырылған. Былтыр 35 центнер өнім алған қожалық, биылғы мақта бағасына алаңдайды. Өйткені ауданда әлі күнге дейін нақты баға белгіленбеген. Доллар құны қымбаттағандықтан ақ алтынның бағасы өседі деген сенім бар.

Шухрат Жанадилов, шаруа қожалық иесі: «Доллар көтерілді деп халық шулап жатыр. Ал, бізге жағып жатыр. Мақтамыз қымбаттайтын шығар. Баға өссе жоспарымыз орындалады».

Ал аудандағы 142 мақта қабылдау бекеті бағаның тұрақталғанын күтіп отырған жоқ. Науқан басталғалы шаруалардан шикізаттарын қабылдап үлгерген. Бүгінгі таңға сегіз мың тоннаға жуық мақта жиналған.

Арслан Давранов, мақта қабылдау бекетінің директоры: «Жүз теңгеден есептесіп жатырмыз. Ал мақтасын ол бағада өткізуге келіспегендерге 80 теңге аванс беріп жатырмыз. Кейін баға белгілі болғанда, қайта есептесеміз. Шаруалардың көбісі осылай жасап жатыр. Бұл бізге де тиімді. Біздің ойымызша, баға 120 теңге болады. Егер осылай болса, диқандардың еңбегі ақталғаны».

Айта өтейік, ауданда сегіз мақта өңдеу зауыты бар. Оған тағы төрт цехты қосыңыз. Бұл деген сөз, мақталы өңірде бәсекелестік басым. Яғни, мақта бағасын әкімдік емес, нарықтың өзі реттейді.

Сәкен Сұлтанханов, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары: «Мақта бағасын орнату — біздің құзырымызда жоқ. Біздің өңірде өндірілген мақта экспортқа шығады. Сондықтан оның бағасын нарық реттейді. Арнайы индекске байланысты, бағасы реттеледі. Былтыр мақта 70-80 теңгеден қабылданған. Биыл сексен теңгеден басталды».

Мақталық алқаптарда бірінші терім жүргізіліп, ақ алтын қамбаларға келіп түсіп жатыр. Оның сапасы жақсы,- дейді мамандар. Ал аудан 180-190 мың тонна мақта жинау жоспарға қойған.