Атың шықпаса, жер емес, шөп өрте. Арыста базбір бұзақылар мал азығын күлге айналдырып жатыр. Монтайтас ауылында тілсіз жау шөпті шарпып жатыр. Жергілікті жұрт мал азығына әлдебіреулер әдейі от қойған дейді.
Халықтың жем-шөптен бөлек, қора-қопсысы қызыл жалынның құшағында қалды. Өрт шалған шөп әлі түтіндеп жатыр. Әбдікерім Саттаровтың ала жаздай жинған мал азығы күлге айналды. Айтуынша, оқиға кешкісін болған. Көмекке келген көрші-қолаң жабылып жүріп, тілсіз жаудың бетін әрең қайтарыпты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vkJ6IYgPYqM[/youtube]
Ал мал ұстап, кәсіп еткісі келген Ұлтуар Қаратаева ауылға жуырда ғана көшіп келіпті. Малдың қысқы азығын әзірлеген оның еңбегі еш кетті. Төрт көлікке тиеп алып келген шөбінен түк қалмапты.
Ұзын-ырғасы он күннің ішінде ауылда оншақты үйде осындай оқиға орын болыпты. Төрт жағдайға өрт сөндіру қызметі жұмылдырылса, қалғанын жергілікті жұрт өз күшімен ауыздықтапты. Ауыл басшылығы мен тұрғындар осындағы бұзақылардан күдіктеніп отыр.
Ауыл әкімі шығынға батқан тұрғындарға ешқандай өтемақы төленбейді дейді. Себебі заңда ескерілмеген. Қазір ауылда анықтау тобы мен өрт сөндіру қызметінің өкілдері жұмыс істеп жатыр.Тәртіп сақшылары көп ұзамай бұзақыны қолға түсіреміз деп ант-су ішті.