Оңтүстіктен Астанаға ауыл шаруашылығы керуені аттанды

349
Жүк көліктері. Жеміс-жидек керуені
Жеміс-жидек керуені

Оңтүстік Қазақстаннан Астанаға ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген керуен жол тартты. Бас қалада қыркүйектің 12-13-і күндері өтетін жәрмеңкеге жалпы құны 90 миллионға жуық теңгенің 306 тонна өнім жеткізіледі.

Жүк көліктері. Жеміс-жидек керуені
Жеміс-жидек керуені

Елордалықтарға нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан 52 тонна ет, 5 тонна қымыз, 127 тонна көкөніс, 11 тонна картоп, 35 тонна бақша өнімдері мен 55 мың дана жұмыртқа және басқа да 36 тонна өнім жәрмеңкеге шығарылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, биыл облыс бойынша 164 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда 500 мың тоннаға жуық өнім және 300 мың дана жұмыртқа  сатылған. Аталған жәрмеңкелердің жалпы сомасы 2 милллиардқа жуық теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы саласына бейім өңірде әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, мақта және бидайдың егіс алқабы кемісе, көкөніс, картоп, бақша дақылдарының көлемі 3 мың гектарға ұлғайды. Ал жалпы егіс көлемі 785 мың гектарға жеткен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=EEKN48QK4S4[/youtube]

Облыста биыл 850 мың тонна көкөніс, 1200 мың тонна бақша өнімдері, 85 мың тонна жеміс-жидек, 58 мың тонна жүзім өндіру жоспарлануда. Бұл облыс халқының қажеттілігіне көкөністен 2 есеге, бақшадан 6 есеге, жеміс жидектен, жүзімнен 3 есеге артық.

Мал шаруашылығын дамыту бойынша да біршама жұмыстар жоспарланып отыр дейді сала мамандары. Атап айтсақ, жыл соңына дейін 2735 шағын бордақылау алаңы, 516 жанұялық сүт ферма, 41 сүт қабылдау бекеті, 16 шағын құс фермасы ашылмақ. Қайта өңдеу саласы бойынша биыл қосымша қуаты 10600 тонна ет, 8850 тонна сүт, 18500 тонна жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындар ашу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім қөлемі 346,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105 % жеткізіледі. Облыс халқының қажеттілігінен артық өнімдер еліміздің солтүстік өңірлері мен ТМД елдеріне, сонымен қатар алыс жақын шет елдерге экспортқа шығарылуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі