Облыс әкімі митрополит Александрмен кездесті

383

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады. Кездесу барысында облыс аумағындағы діни жұмыстар барысы сөз болды. Өңірдегі этносаралық және конфессия аралық тұрақтылық мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі өз сөзінде діни бірлестіктердің татулық пен келісімді сақтаудағы рөліне тоқталды. Орыс православ шіркеуінің міндетін айқындап, татулықты ту етуге шақырды. Сонда ғана, Мәңгілік елдің тұғыры биік болатынын тілге тиек етті.

Айта өтейік, шараға еліміздегі орыс праволав шіркеуінің митрополиттік округының басшысынан өзге, Шымкент және Тараз архиепископы, Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Булаев, Талдықорған қалаларының епископтары қатысты.

Жиын барысында өзге ұлт өкілдерінің наным-сеніміне құрметпен қарайтын қазақ елінің кеңдігі, бірлігі сөз болды. Оңтүстікте алпысқа жуық діни ұйым жұмыс істейді. 11 конфессияның құрамына исламдық емес 3 филиал мен ҚМДБ-ның 786 филиалы кіреді.

Облыстың 130 мыңға жуық сенім өкілдерінің 99 818-і облыстың мешіттерін барып, құлшылық жасайды. Ал праволав шіркеуіне 20 525-ке жуық адам бас сұғады. Протестанттық шіркеуге тоғыз мыңнан аса сенім өкілі жиналады. Күнгейде православ діні кең таралған конфессия болып саналады. Оған қарасты ұйымдар саны он сегізге жеткен.

Кездесу соңында, проваслав дінінің Қазақстандағы басшысы облыс әкіміне естелік кітаптарын сыйлады. Өз кезегінде өңір басшысы да құр — қол қалмады. Шырайлы шым қаланың эмблемасы іспеттес «Жер Ана» монументін сыйға тартты. Екі жақ арнайы келісімге келіп, қол алысты. Естелікке суретке түсті.