Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданында болып, бiрнеше нысандарды аралады, диқандардың жайын сұрады. Өңiр басшысы Мақтааралдағы индустриалды аймақтағы кәсiпорындардың жұмысымен танысты. Бұл жерден 12 қайта өңдеу кәсiпорнын салу жоспарланған.
Бейбiт Бәкiрұлы ауданға инвесторлар тарту үшiн инфрақұрылымдық жүйелердi жаңарту қажеттiгiн баса айтты. Мақтаарал ауданында шешiмiн таппаған мәселе көп. Мәселен, 350 мың тұрғынның 80 пайызы табиғи газға қол жеткiзе алмай отыр. Ауызсу мәселесi де толық шешiлмеген.
Мырзашөл өңiрiндегi 94 мың гектар мақта алқабын суару үшiн 700 мың текше метр ағын су қажет. Көршi елдiң каналына тәуелдiлiктен арылмай, «ақ алтыннан» пайда табу мүмкiн емес. Жергiлiктi шаруалар егiстiктi әр тараптандыру арқылы ғана табысын еселей алады.
Облыс әкiмi ауызсу құрылысымен танысу барысында осы мәселелерге баса назар аударды. Мақталы аймақтың шаруалары биыл 94 мың гектардан 230 мың тонна өнiм алуға ниеттенiп отыр. Оның 100 мың тоннасы шетелге экспортталады.
Өңір басшысы Ж.Ералиев ауылдық округiндегi «Ақ алтын» АҚ-ына қарасты мақта қабылдау бекетiнде орналасқан «Луи дрейфус Коммодитиз Қазақстан» серiктестiгiнiң жұмысымен танысу барысында биыл мақтаның 1 келiсi жылдағыша 70 теңгеден емес, 100 теңгеден қабылданады еп хабарлады. Облыс басшысының бұл шешiмiне аймақтың мақташылары дән риза.
Шаруалар үшiн өзектi болып отырған тағы бiр мәселе — субсидия. Қазiр 1 гектар жерге берiлетiн субсидия көлемi 20 мың теңгеден аспайды. Оның өзiн кәсiпкерлер екi бөлiп алады. Облыс әкiмi мемлекет тарапынан берiлетiн көмектiң көлемiн ұлғайту үшiн ауыл шаруашылығы министрлiгiне ұсыныс жолдайтынын жеткiздi.
Ауданда мақта алқабын 28 мың гектарға қысқартып, шаруашылықты әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Бұл — суды үнемдеп, көршi елдiң ағын суына тәуелдiлiктен арылу үшiн жасалып отырған қадам.
Мәселен, «Арсенал сад» және «Қаршыға тау» шаруа қожалықтары суды үнемдеу үшiн бау-бақшаға Еуропадан әкелiнген көшеттер егiп, тамшылатып суару технологиясын пайдалануда. Олар алдағы екi жыл iшiнде жемiс сақтайтын қойма салмақ.
Сыйымдылығы 1300 тонналық қойманың құрал-жабдықтарын Италиядан сатып алу үшiн келiсiм-шарт жасау қолға алынған. Шаруа қожалықтары жүзiм, алма, алмұрт, қауын егiп, өнiмдi шетелге экспорттауда. Жемiстерiн шетелдерге экспорттап, отандық өнiмге сұранысты арттырған кәсiпкерлерге облыс әкiмi алғысын бiлдiрдi.