Ордабасы ауданының орталығындағы оқушылар төбелесі мектепте болған. Тапа-тал түсте сыныпта ерегісіп қалған жасөспірімдердің бірі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Дәрігерлер оған бірден ота жасапты. Білім ұясындағы кикілжіңнің жай-жапсарын Ордабасы ауданына арнайы барып, біліп қайттық.
Жоғарғы сынып оқушыларының арасындағы кикілжің мектептің екінші қабатындағы сабақ өтетін бөлмеде болған. 11-ші сынып шәкірті 10-шы сынып оқитын балаға жұдырық жұмсап, аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарған. Бірақ текетірес барысы білім ұясындағы бейнекамералардың бірде-біріне жазылмапты. Ал директор болса, аты дардай гимназияда тосын оқиға болғанына әлі де аң-таң.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=OcyGbOr0zhU[/youtube]
Шолпан Шәдіқожа, «Кәусар» гимназиясының директоры: «Енді оны өзімізде білмей отырмыз. Осы уақытқа дейін біздің гимназиядан мұндай оқиға тіркелмеген. Бала қазір ауруханада. Ал жалпы мұнымен ішкі істер бөлімі айналысып жатыр».
11-ші «б» сынып оқушысының бұндай бұзықтығы болмаған деп мектеп басшысы ант су ішті. Ал жәбірленуші шәкірттің үлгерімі тіпті жақсы екен. Мұны сыныптағы топ басшылары да растап отыр.
Төбелестен кейін өзін ауыр сезінген шәкірт ақыры түнге таяу аураханадан бір-ақ шыққан. Қазір жәбірленуші оқушының жан сақтау бөлімінде жатқанына бүгін осымен екінші тәулік. Жасөспірімге дәрігерлер бірден ота жасапты.
Ибрагим Саниязов, Ордабасы аудандық ауруханасының дәрігер хирургі: «Операция жасаған кезде ішінен жарылған экинококты көрдік. Оны ота жасап, алып тастадық».
Қазір осы оқыс оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр екен. Бірақ әзірге текетірестің неден шыққаны белгісіз. Бұны тәптіштеп түсіндіріп беретін аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы бірден ат тонын ала қашты.