2016 жылы Шардараға Шымкенттен 20 минутта жетуге мүмкiндiк тумақ. Бұл туралы Шардараға сапары барысында Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов мәлiм еттi. Қазiр әуежайдың жобалық-сметалық құжаты дайын, тек Қазақстан авиация комитетiнiң мақұлдауы қажет. Облыс басшысы бұл мәселенiң де жуық арада шешiмiн табатынын айтты.
Сондай-ақ, ескi әуежайды қайта iске қосуға 200 млн теңге керек. Алайда, облыстық бюджеттен қаржы алу заңда қарастырылмаған. Сондықтан мамандар қаржыны «СПК Шымкент» мекемесiмен келiсiм-шартқа тұру арқылы алуды көздеп отыр.
Осы орайда 1625 метр жолға асфальт төселiп, 118 гектар жер қоршалады. Ал ұшып-қонуға Өзбекстан тарапының рұқсаты керек. Келiсiм болса, Шардара – Шымкент бағытындағы әуе кемесi кестеге сай ұшатын болады. Аудан әкiмi Қамытбек Айтөреев болашақта Алматы, Астанадан да әуе кемелерi Шардараға қатынайды деген сенiмде.
Ал өңiр басшысы Шардарада iшкi туризмдi дамытуға күш салу керегiн тапсырды. Бейбiт Бәкiрұлы Шардара су қоймасындағы құрылыс басында болып, жағалаудағы туризмдi дамыту жобасымен танысты. Жобаға сәйкес бұл арадан қонақ үй кешендерi, кемпингтер, гольф клубы, аттракциондар, ашық және жабық бассейндер салынбақ.
«Шардара су электр стансасы» АҚ мен үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған шағын балық зауыттарының жұмысымен танысты. Алдағы уақытта ауданнан тағы бiр балық зауыты және балық өңдеу цехы iске қосылмақ.
Бұдан соң облыс әкiмi «Хамит» селолық тұтыну кооперативiнiң балық шаруашылығында болды. Кооператив жылына 2000 тонна өнiм – 12 түрлi сүрленген, 24 түрлi кептiрiлген балықты Еуропаға жөнелтедi. Екi ауысымда 200-250 адам жұмыс iстейдi. Жалпы, Қазақстандағы экспортқа бағытталған балық өнiмдерiн өңдеумен айналысатын 8 зауыттың екеуi – Оңтүстiк Қазақстанда.
Мұнымен қоса облыс әкiмi Шардарада индустриалды аймақтағы құрылыс барысымен танысып, «Тұрар» шаруа қожалығы мен «Иiржар Агро» ЖШС-нiң дихандарымен субсидия жайын сөз еттi. Аудандық ардагерлер үйiнде болған аймақ басшысы еңбек ардагерлерiмен кездесiп, соғыс майдангерлерiнiң ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейiн Б.Атамқұлов аймақтың тарихи-өлкетану мұражайында болып, ондағы экспонаттармен танысты. Сонымен қатар аудандық орталық емханаға ат басын бұрды. Шардарада қаракөл қойларын өсiру iсi қайта жанданбақ. Бұл туралы облыс басшысының тапсырмасы жақын арада қолға алынады. Облыс әкiмi жергiлiктi билiктiң жұмысына жыл соңында тиiстi баға берiлетiнiн жеткiздi.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметi