Шымкент зообағында сусиыр төлдеді. Бір айта кетерлігі, бұл қуанышты жаңалық қала әкімінің зообақты аралауына тура келген.
Сенбі күні Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұмыс бабымен Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қала басшысының осы сапары зообақтағы Ламбада есімді сусиырдың төлдеуімен тұспа-тұс келіп отыр.
Мұны жақсылыққа балаған зообақ мамандарының айтынша, қамауда тұрған сусиырлардың төлдеуі сирек кездеседі екен. Әзірге төлдің жынысы белгісіз. Зообақ директоры Нұрғазы Бұхарбаев карантинге байланысты төлдеген бегемотқа әзірге ешкімнің жақындауына болмайды деп түсіндірді.
Естеріңізге салсақ, бұл аналық бегемот осыдан 23 жыл бұрын Мәскеудің Николаевский хайуанаттар бағынан әкелінген. Ал оның жұбы Тұрсын деп аталатын сусиыр өзіміздің зообақта 2004 жылы дүниеге келген.
Зообақты қайта жаңарту аясындағы инженерлік-коммуникациялық жүйелер мен әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталған. Бұл мақсатта жергілікті қоржыдан қаржы бөлінген.
Қазақстандағы үш зообақтың бірі болып табылатын Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы 1980 жылы құрылған. Екі жүзге жуық аң түрінің екі мыңнан астамы мекендейтін хайуанаттар бағында қайта құру жұмыстары қарқынды жүруде.