Мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуы бағдарламасы аяқсыз қалды. Бұл жөнінде қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеді. Айтуларынша, шаһарамызда 19 790 мемелекеттік мекеме мен жекеменшік кәсіпорын қызмет етеді. Мекемелерде бос орын болғанымен, бірақ ешқайсысы да жарымжан жандарды тұрақты жұмыспен қамтуға құлықсыз. Салдарынан 1 жыл бұрын күшіне енген мемлекеттік бағдарлама жүзеге аспай келеді.
Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры: » Қала әкімінің 2014 жылғы 3-
шілдеде қаулысына сәйкес, біз мекемемізге келген жарымжан жандардың жұмысқа қабілеттілігін анықтап, оларға жолдама беріп жатырмыз. Бірақ, мемлекеттікк және өзге де жекеменшік мекемелер бағдарламаны құп көрмей, мүмкіндігі шектеулі жандырды жұмысқа қабылдаудан бас тартып отыр. Тапсырма осылай орындалмай келеді. Мәселен, білім беру ұйымдары (мектептер мен балабақша, т.б) мен денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелер (аурухана, емхана, т.б) тапсырманы орындамайтын себептері — мүгедектерді жұмысқа алғысы келмейді. Мәселен, біз жолдаманы беруіндей беріп-ақ жатырмыз. Бірақ, олар бас тартуда, тіпті мүгедектерге сай емес жұмыстарды ұсынуда. Мемлекеттік бағдарлама, қаулы бойынша, әрбір мекеме жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайыз мөлшерінде мүгедек жандар жұмыспен қамтуы үшін квота белгілеуі тиіс. Қазіргі уақытта аталған мәселеле бойынша Еңбек инспекциясына, басқармаларға, бөлімдерге хат жазылды. Енді Еңбек инспекциясы заң жүзінде тексеру жұмыстарын жүргізуі тиіс, шара қолданатын шығар мүмкін?! Бірақ біздің мекеме алдағы күндері де мүмкіндігі шектеулі жандарға жол көрсетуін жалғастырады».