2015 жылдың 18 қыркүйегінде Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Silk Road Fair» республикалық туристік жәрмеңкесі өтеді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты мен міндеті – ішкі туризмді дамыту, Оңтүстік Қазақстан облысының туристік бағыттарын дамыту. Бұған қоса ұйымдастырушылар Қазақстандық туристік ұйымдарға келіссөз жүргізіп, тиімді келісім-шарт жасауға қолайлы жағдай туғызу арқылы ықпал жасауды көздеп отыр.
Жәрмеңке жұмысына өзге облыстар, туристік ұйымдар, қонақ үй кешендері, шипажайлар, демалыс аймақтары, ұлттық табиғи парктер мен қорықтар, туризм саласы мамандарын даярлайтын жоғары және арнаулы орта оқу орындарының өкілдері қатысады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан тиуристік қауымдастығы, «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ, Еуропаның, Азияның және Қазақстанның жетекші туристік ұйымдары, ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысатын болады.
Жәрмеңке барысында «ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізудегі өңірлік туризмнің рөлі» тақырыбында форум және «Шымкент конвеншн орталығының» тұсаукесер рәсімі өтеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Үздік көрме экспозициясы» және «Үздік ақпараттық-жарнамалық пакет» номинациялары бойынша байқау өткізілмек. Маркетингтік қызметтің маңыздылығы, ішкі туризмді дамыту, ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында туристік пакет әзірлеу бойынша туристік операторлар мен қонақ үй бизнесі өкілдеріне семинар-тренинг өткізілетін болады.
Сондай-ақ, іс-шара аясында туристік өнімдерге жеңілдіктер акциялары, «Риксос Хадиша Шымкент», «Канвас», «Қайнар» секілді ірі қонақ үйлердің қатысуымен туризм саласында бос орындар жәрмеңкесі, мәдени бағдарлама және т.б. шаралар өткізілетін болады.
Жәрмеңке 18 қыркүйек күні таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін «Оңтүстік» көрме орталығында өтеді (облыстық әкімшіліктің қасында). Ал форумның жұмыс уақыты: 18 қыркүйек – 15.00-ден 18.00-ге дейін. Кіру тегін