Таңғы сағат 5 шамасында Шымкент қаласындағы «Стандарт цемент» АҚ-ның теміржол тұйығында маневр тепловозы мен 4 вагон теміржолдан шығып кетті. Төрт вагонның біреуіне көмір тиелген, қалғандары бос екені анықталды.
Апат салдарын жою жұмыстарына Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 12 қызметкер мен 3 техника, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ-ның жөндеу-қалпына келтіру бригадасынан 20 адам және «Стандарт цемент» АҚ-ның өкілдері жұмылдырылды.
Құдай сақтағанда вагондар рельстен шыққан аумаққа үйлер тым жақын орналасқанымен, ешкім зардап шекпеген. Үйлер де, адамдар да дін аман. Вагондардың теміржолдан шығып кетуі жолаушылар пойызының қозғалысына да кедергі келтірген жоқ дейді жауаптылар