Шымкенттегі балалар пойызы бұзылып қалды

529
Шымкенттегі балалар пойызы

Шымкентте балалар пойызы тоқтап қалды. Қаланың қақ ортасында қалып кеткен отарбаның моторы істен шыққан. Оны жөндету қыруар қаржыны қажет етеді дейді мамандар.

Шымкенттегі балалар пойызы

Ала жаздай асыр сала демалған балаларды тасыды. Ең соңғы сапары сәтсіз аяқталып, орта жолда қалып кетіпті. Серіктестіктің жөндеу жұмыстарына қаржысы жоқ.

Сонымен, балалар пойызы соңғы бір аптадан бері тоқтап тұр. Вагондары қаңырап бос қалған. Төрт ай зуылдап, балаларды тасып жүрген ауыр көліктің бүгінгі сиқы, техникалық жағдайы сын көтермейді. Бұл жолы мотордың бір бөлшегі істен шығыпты. Оны жөндету үшін қомақты қаржы керек екен.

Пойыздың машинисті Ғани Жақыпбеков ескірген техниканы жамаудан нәтиже шықпайтынын айтып отыр. Сондықтан үнемі қадағалап отыру керек, ай сайын техникалық байқаудан бір рет өткені абзал дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=1-skj4sBoKQ[/youtube]

Айта өтейік, он сегіз жыл бойы тоқтап тұрған теміржол көлігі биыл іске қосылған болатын. Оны жиырма төрт сағатта «Тұрғын үй — Шымкент» серіктестігінің мамандары жүргізіп, балаларға қуаныш сыйлап еді.

Аптасына төрт күн, үш рейстен балдырғандарды екі станция аралығында тасыған пойызға халықтың көзі де үйренді. Сондықтан болар, қаланың қақ ортасында тоқтап қалғаны тұрғындардың жанына батып отыр.

Қазақстандағы жалғыз саналатын балалар пойызын жүргізу қомақты қаржыны қажет етеді. Бар-жоғы екі вагонмен қызмет ететін ауыр көлік өз шығынын әзірге жаба алмайды. Сондықтан қалалық әкімдіктің бөлетін қаржысы ауадай қажет.

Мұхтар Мұхамеджан, «Тұрғын үй — Шымкент» кәсіпорнының басшысы: «Осы жолы бұзылып еді, 600-700 мыңдай ақша керек. Үш-төрт күн ондай қаржы болған жоқ, сондықтан тұрып қалды. Бұдан кейін егер пойыз бұзылса, тұрып қалуы мүмкін. Бірақ, жоспарсыз отырған жоқпыз. Қалалық мәслихаттың қыркүйектегі сессиясында балалар теміржолын дамыту, тағы да екі вагон алу деген жұмыстарға ақша сұрағанбыз.»

Вагон. Теміржол

Ал балалар теміржолы станциясын көркейтуге, күтіп баптауға 5 млн теңге бөлінген дейді әкімдіктің өкілі. Оның бір жылға қаралған қаржы екенін де жасырмайды. Енді теміржол желісін жөндетуге қалалық бюджеттен ақша қаралып жатқанын жеткізді.

Жандос Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы: «Темір жол желісінің 6,2 шақырымын жөндеу барысында құжаттар әзірленіп, қазіргі таңда сессияға ұсыну қарастыруда. Жоба құны бойынша — 40 млн теңге. Егер мәслихатта мақұлданса, қаржы беріледі.»

Теміржол кассасы
Теміржол кассасы

Балалардың көзайымына айналған теміржол көлігінің ендігі тағдыры халық қалаулыларының қолында. Бір ауыздан қолдаса, пойыз балдырғандарды жылдың төрт мезгілінде тасымалдайтын болады. Ал шешім аяқсыз қалса, теміржол пойызы қаңырап тағы қалады.