Түркістанда инновациялық жоба саны артуда. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлайды. Қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаевтың айтуынша, Түркістандағы жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын индустриалды аймаққа авто жол, теміржол, электр қуаты, су, сарқынды су жүйелері тартылған. Сонымен бірге алдағы уақытта аймақтың сыйымдылығына қарай көлемін ұлғайту мәселесі де негізге алыныпты.
Тоғыз жолдың торабындағы Түркістанның мүмкіндігі мол. Жергілікті басшылықтың айтуынша, Алматы-Мәскеу теміржолы, Батыс Европа — Батыс Қытай автодәлізі өтіп жатқан өңірдің логистикалық мүмкіндігіне қарай индустриалды аймақта орналасуға ниет білдіріп отырған инвесторлар көп көрінеді. Бірақ, солардың арасынан инновациялық жобаларға ерекше мән беріліп отыр екен.
Қазір мұнда 9 жобаға 20 гектардан астам жер бөлінген. Оның ішінде йон алмастыру, смола өнімі, шыны-пластикалық арматура, күн сәулесінен баламалы энергия өндіретін панель, соңғы технологиялық құралдармен жабдықталған жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын жобаларға рұқсат берілген. Осы орайда қазынадан бөлінген 850 млн теңге жұмсалып құрылған индустриалды аймағы алдағы жылдары айналымы 10 млрд теңгені құрайтын өндіріс алаңына айналмақ.
Ал әзірге индустриалды аймақта 5 жобаның құрылысы басталған. Жыл соңына дейін 2 кірпіш зауыты және 1 шыны-пластикалық арматура шығаратын өндіріс орны іске қосылмақ. Бүгінде осы жобалардың арасынан бір кірпіш зауыты өз жұмысын бастаған.
Түркістан қаласының аумағында толық жұмыс істеп тұрған, жылына 22 млн дана кірпіш шығаратын екі өндіріс бар. Алайда, қаланың өзінде жүріп жатқан құрылыстарға жыл сайын шамамен 40 млн данаға тарта кірпіш қажет. Оның үстіне республика көлемінде Түркістан және Семей өңірлерінде өндірілетін кірпішке қажетті шикізат сапасы жоғары болғандықтан, Түркістанға көршілес облыстар мен аудан, қалалардан да келетін тұтынушылардың саны мол екен.
«Сондықтан, кәсіпкерлердің Түркістанның топырағынан өндірілетін кірпіш өндірісін дамытуға деген құлшыныстары жоғары» дейді Т.Мұсаев.
Сонымен бірге, жергілікті басшылықтың айтуынша, аймақтағы кәсіпорындар толық өндірістік қуаттылықта жұмыс істесе, 5 МвТ электр қуатын қажет ететін көрінеді. Бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін таппақ. Ол үшін осы маңнан тұрғын үйлерге және индустриалды аймаққа 16 МвТ электр қуатын тарататын подстанцияны осы жылдың қарашасында іске қосу жоспарға енгізіліпті.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі