Өңіріміздегі Ж.Шанин атындаға қазақ драма театры 40 жыл бойы паналап келген ғимаратпен қоштасу рәсімін өткізді. Мәдени шара аясында ұжым «қара шаңырақтың» өнер-отын өшірмей, жаңа нысанға алып келді.
Ұжым алдымен жүктерін ғана емес, мәдениет ошағының өнер-отын өздерімен бірге алып шықты. Театрдың алаулаған оттығын алып кету үшін салтанатты шара ұйымдастырып, ақсақалдардың ақ батасын арқалады.
Одан соң қоғамдық көлікпен кәнігі той серуеніндей қаланы шарлап, жол бойы театрдың жаңа маусымындағы қойылымдарды дауыстап жарнамалауды да ұмытқан жоқ. Театр әртістерінің сөзіне сенсек, бұл бастама өнердің отын сөндірмеуді ғана емес, жаңа нысанмен көрерменді таныстыруді көздейді.
Махметәлі Дәриев, Ж.Шанин атындаға қазақ драма театрының әртісі: «Қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Үлкен қобалжу сезімдерін бастан өткердім. Әсіресе, қаланы шарлап жүріп өткенде өзіме артылған жауапкершілік одан сайын арта түсті. Енді академиялық атақты алдық, көрерменнің көзайымына айналу үшін де талай шаруаларды атқарып, талай туындыны тұщымды етіп ұсыну міндетіміз деп білемін. Ал театрдың отын сөндірмеу бізге, жалпы шығармашылық ұжымға тапсырылып отыр».
Ж.Шанин атындаға қазақ драма театры ұжымын қонысымен құттықтау үшін өнердегі әріптестері де келді. Олар жәй емес, өнер-шашуларын арқалай жетіпті. Бірі әсем ән мен шоу-билерін ұсынса, екіншісі әзілге толы қойылымдарын сахналады.
Маржан Кекілбайқызы, көрермен: «Мен 5 жылдан бері театрдың тұрақты көрерменімін. Әрбір қойылымын, премьералық спектакльдерін де асыға күтіп тамашалаймын. Ондағы әрбір кейіпкердің де болмысын көріп, қазіргі қоғаммен салыстырып жүремін. Театрдың жаңа ғимаратын бұған дейін білмейтін едім, енді ғана танысып, қуанып жатырмын. Ұжымды жаңа нысанмен құттықтағым келеді. Шығармашылық табыс тілеймін!»
Еске салайық, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының алғаш осыдан 40 жыл бұрын қызметін бастады. Сол уақыт аралығында ұжым шаһарымыздағы Әл Фараби алаңындағы ғимаратты паналап келді. Өнер ошағының іргесі осыдан 48 жыл бұрын қаланған. Аталған ғимаратта жылдар бойы қазақ және орыс театрын қоса алғанда 200-ден астам адам қызмет етіп келді. Енді ұжым жаңа ғимаратқа жайғасып отыр.
Қалтөре Жұмақұлов, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры: «Қазір бізге жетпей жатқан жаңа сахнаға келдік қой, енді соны игеруіміз қажет. Оған уақыт жетпей жатыр. Мұндағы дүниелер жаңа, онда көптеген сахналық-техникалық қондырғылар үлкен мәселе туғызып отыр. Театрды арнайы мамандар соқпаған, кәдімгі құрылысшылар соққан соң көптеген жерлері талапқа сай келмейді. Бір жері қисық, театарға сәйкес емес тұстары да көп. Енді соны туралап, қайта құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Мұны билік басындағылар назарға алып, қадағаласа деген ниеттеміз.»
Айта кетейік, 500 орынға лайықталған театрдың құрылысына қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Ал бүгінде ұжымда 143 адам қызмет етеді. Оның 50-і шығармашлық ұжымды құрайды.